Қытайлық ащы өнімдердің 75%-ы талапқа сай емес
Балалар арасында «трендке» айналған ащы өнімдер денсаулыққа қауіпті. Мамандар күмәнді снектерге зертханада арнайы сараптама жүргізіп, нәтижесіне алаңдап отыр. Себебі қытай өнімдерімен 4 күн қоректенген балықтар уланып қалған. Алайда оларды сатылымнан мүлдем алып тастау мүмкін емес. Құрамында не бар? Балалар қауіпті өнімге неге құмар?
Айжан Иманғали, тілші:
Соя кеспесі, ащы таяқшалар, атауы беймәлім, қазақша аудармасы жоқ осындай белгісіз өнімдер бүгінде дүкен сөрелерінде қаптап тұр. Ең қауіптісі – олардың кейбірінде тағамдық қоспасы мен құрамы жайында ешқандай ақпарат жоқ. Бұл аллергияға бейім балалардың өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Десе де осындай ащы таяқшалар бүгінде бүлдіршіндердің сүйікті асына айналды.
Аяулым Мәлік, сатушы:
Мектеп жасындағы жасөспірімдеп, сосын бастауыш сынып оқитындар алады. Тренд болғаннан кейін алады деп ойлаймын, мен өзім дәмін жеп көрмегенмін, бірақ иісінің өзі мүмкін емес.
Өткен жылы санитарлы-эпидемиологиялық бақылау мамандары қытай снегінің 143 түріне сараптама жасаған. 75 пайызы таңбалау талаптарына сай болмай шықты. Өндірушісі мен құрамы туралы ақпарат мүлдем жазылмаған, мемлекеттік немесе орыс тілінде аудармасы жоқ. Алайда денсаулыққа қауіпті тұстары анықталған жоқ дейді мамандар. Дегенмен иісінің өзі жүректі айнытатын снектердің бірнеше түріне қаладағы университеттердің біріндегі зертханада талдау жасатып көрдік. Құрамында зиянды заттардың бар-жоғын анықтау үшін арнайы балықтарға сынама жасалды. Олар 4 күн снекпен қоректенді. Нәтиже көңіл көншітпейді.
Лаура Аутелеева, С. Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық зерттеу университетінің профессоры, сарапшы:
Бүгін зерттеудің төртінші күні. Балықтар аса белсенді емес. Судың түсі өзгерді. Екінші және төртінші сынамада балықтар уланып қалды. Қабыну белгілерін байқадық. Зерттеу барысында оны орташа токсинделген деп сипаттаймыз.
Балықтардың улануы өнімде химиялық заттар мөлшерінің тым жоғары екенін көрсетеді. Олардың құрамында қанттан бірнеше есе тәтті жасанды қоспалар бар. Сондай-ақ ылғал мен тағам дәмін ұзақ сақтап тұратын жоғары мөлшерде консерванттар мен антиоксиданттар анықталды. Бұл қоспалар тағамдарда рұқсат етілгенімен, оларды көп мөлшерде қолдану - қауіпті дейді мамандар. Қазір аталған снектер «Сәйкес емес өнімдер тізіміне» енгізілді. Алайда оларды сатылымнан мүлдем алып тастау әзірге мүмкін болмай тұр.
Әйгерім Сәдубаева, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі санитариялық - эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы:
Біз санитарлық шараларды енгізе алмаймыз, себебі оларды сатуға толықтай тыйым салу үшін негіз болатын нақты деректер болған жоқ. Оған қоса, өнім атаулары өте көп. Егер шектеу енгізетін болсақ, оны нақты бір өндірушіге қатысты енгізуіміз керек. Ол үшін тәуекелдерді бағалау қажет. Яғни дәл осы өндірушінің өнімі денсаулыққа ауыр зардаптар әкелгенін дәлелдеу керек. Бұл 2-3 жыл бойы жинақталатын деректерді қажет етеді. Ал таңбалау - қауіпсіздік көрсеткіштеріне жатпайды, ол көбінесе тұтынушыны алдау ретінде қарастырылады.
Өнімдердің көбі Қазақстан шекарасынан «жеке қолданысқа арналған тауар» ретінде сөмкемен өтеді дейді мамандар. Салмағы жеңіл болған соң, оны тасымалдау қиын емес көрінеді. Қалай десе де, сауда орындарына түскен жағдайда міндетті түрде сәйкестік декларациясымен расталуы тиіс.
Тимур Сұлтанғазиев, ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі:
Хаттама жіберсеңіздер, е-Өтініш арқылы міндетті түрде барып тексеріп, сол снектердің бәрін полкалардан алып тастайды. Өйткені ондай снектерді маркировка жасалмаған, басқа тілде жасалған, оның бәріне тыйым салынған қазірдің өзінде.
Былтыр ел бойынша 2 мыңға жуық дүкен тексеріліп, осындай күмәнді өнімдердің 35 келісі тәркіленіпті. 43 жеткізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сарапшылар - бағасы қолжетімді өнімдерді саудалау - кәсіпкерлердің өз жауапкершілігінде дейді. Егер дүкен иесі ескертуден кейін тауарды 3 күн ішінде сөреден алмаса, оған ірі көлемде айыппұл салынады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы