Басты Жаңалықтар Қонаевтағы туристік нысандардың жазғы маусымға дайындығы тексерілді

Қонаевтағы туристік нысандардың жазғы маусымға дайындығы тексерілді

«Таза Қазақстан» идеологиясы аясында туристік аймақтардағы тазалық пен тәртіпке басымдық беріліп жатыр. Осы бағытта Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Алматы облысындағы туристік нысандардың жазғы маусымға дайындығын тексерді. Жұмыс сапары аясында вице-премьер Қонаев қаласындағы коммуналдық жағажайлар мен «ASP Arena» көпфункционалды кешенін аралады. Жауапты сала мамандары санитарлық жағдай, қауіпсіздік шаралары, медицина, құтқару және құқық қорғау бағытындағы дайындық туралы баяндады. Аида Балаева нысандар жазғы маусымға толық дайын болуы тиіс екенін атап өтіп, судағы қауіпсіздік, тағам сапасы, қоғамдық тәртіп және түсіндіру жұмыстарының маңызын ерекше айтты. Сондай-ақ жеке меншік демалыс орындарының иелеріне тазалықты сақтау, инфрақұрылымды талапқа сай ұстау және келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті жүктелді. Туризм және спорт министрлігіне туристік нысандардың жауапкершілігін нақтылайтын құқықтық тетіктерді жетілдіру тапсырылды. Қоғамдық тамақтану орындарының заңды қызметі, еңбек қатынастарының сақталуы және қызметкерлер құқығы да бақылауда болмақ. Бұдан бөлек, көлік логистикасы, автотұрақтардың жеткіліктілігі, жол қозғалысын ұйымдастыру және жаппай демалыс орындарындағы көлік ағынын реттеу мәселелері көтерілді. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік талаптарын бұзуға қатаң әрекет ету қажеттігі ерекше атап өтілді. «Таза Қазақстан» идеологиясы жай ұран болып қалмай, туристік нысандардың нақты жай-күйінен көрініс табуы керек. Ол тазалықтан, тәртіптен және ортақ демалыс орнына деген құрметтен байқалуға тиіс. Ал «Заң мен тәртіп» қағидаты қауіпсіздік талаптарын бұзғандарға қатысты шаралардың бұлтартпай қолданылуынан көрінуі қажет», – деді Аида Балаева. Жиын қорытындысында санитарлық тазалықты күшейту, қауіпсіздік қызметтерінің дайындығын арттыру және туристік нысандарға жүйелі бақылау орнату тапсырылды.


Бөлісу