Түркістан облысының 30-дай ауылында жерасты суы көтеріліп кеткен
Түркістан облысының Жетісай ауданында тұрғындар
жерасты суынан зардап шегіп отыр. Қазірдің өзінде 30-ға тарта елді мекенде
жаңбыр жауса, су көтеріліп, баспаналар ылғал тартады. Іргетасы үгітіліп
кететіндері де көптеп кездеседі. Мәселен, мыңнан аса халық тұратын Сәкен
Сейфуллин елді мекенінде халық баспаналарын тастап, көшіп жатыр. Өйткені
баспаналар жөндеуге жарамайды. Ауылдағы үйлердің жағдайын одан әрі тілшіміз
Айнұр Әбілқасымқызы тарқатсын.
Айнұр Әбілқасымқызы, тілші:
Жерасты суының көтерілуінен ауылдағы үйлердің іргетасы сөгіліп, қабырғалары жарылып жатыр. Мәселен, мен тұрған мына үйдің тұрғындары он жыл бұрын үйлерін тастап кеткен. Қазір ауылда осындай үйлерді көптеп кездестіруге болады.
Ауылдың байырғы тұрғыны Ақмарал Жанбаеваның үйі қазір тұруға жарамсыз, құлауға
шақ тұр. Қанша рет жөндегенімізбен, қалпына келмей-ақ қойды дейді зейнеткер.
Бұл жерде тұру мүмкін болмай бара жатқан соң балалары қалаға көшкен. Ал жасы
келген зейнеткерлер ескі баспананы паналап отыр.
Ақмарал Жанбаева, С.Сейфуллин елді мекенінің тұрғыны:
Ремонттауға келмейді. Төбесін ремонттағанмен, астынан зәктеп, ұрып, құлап жатыр. Төбелері құлап жатыр. Бір жерін түртсең, екінші жағы құлайды. Газ кіргізгенмен, жылу жүргізе алмай отырмыз.
Ал Сара Ырысалиева тұратын үйдің бір қабырғасы түгел құлап қалған. Баспанасы
жөндеуге келмейтін болғасын, амалдап шағын үй салып алдық дейді. Аядай бөлмеге
адам сыймай, ұлы мен келіні пәтер жалдап кетіпті.
Сара Ырысалиева, С.Сейфуллин елді мекенінің тұрғыны:
Мына жаққа құлап қалғанына екі жыл болды. Соны қайта қалпына келтіре алмай жатырмыз. Ішіне кірсең, құлап қалайын деп тұр. Балаларды басып қала ма деп қорқамын.
Қазір жасы келген қариялар жастардың ауылдан үдере көшіп жатқанын айтады. Алды
баспанасын тастап, есіктеріне құлып салып кетіпті. Өйткені алушы жоқ. Тек басқа
барар жеріміз жоқ дегендері амалсыз тұрып жатқандарын айтады.
Өтеулі Аралбайұлы, С.Сейфуллин елді мекенінің тұрғыны:
Бұрын Кеңес үкіметінің кезінде ауылымыздың үш бұрышында дренаж бар еді. Есігіміздің алдында жеміс ағаштары жайқалып тұратын еді. Есіктің алдына балаларға көкөніс егілетін еді. Қазір қурап кетеді. Жеміс ағашы ғана емес, қазір қаратал да қурап қалып жатыр ғой. Жастардың 40 проценті көшіп кетті. Мектепте оқушы қалмады.
Жұрт үдере көшкен соң, мектепте бала саны да азайған. Қазір ауылда балабақша да
жоқтың қасы. Ал отыз жыл бойы қараусыз жатқан су соратын қондырғыларды
жөндетуге ауыл әкімі енді ғана ауданға ұсыныс тастағанын айтады.
Абзал Әлдешов, Жылысу ауылдық округінің әкімі:
Дренаждың бюджеті тым жоғары. Оны біздің ауылдың бюджеті көтермейді. 2026 жылға жоспарда бар. Ұсыныс беріп қойғанбыз, аудандық ЖКХ бөліміне.
Нұрдәулет Ікімат, Жетісай аудандық ТҮКШ, тұрғын үй инспециясы бөлімі
басшысының орынбасары:
Жалпы, Жетісай ауданында 43 дана тік дренаж құрылысын жүргізу үшін қазіргы таңда сәулет жоспарлау тапсырмасы әзірленіп, жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Аталған жобаларға сараптаманың оң қорытындысы алынып болған соң құрылысына аудандық немесе облыстық бюджеттен қаржы бөлдіруге ұсынамыз.
Әзірге дренаждарға қаражаттың нақты қашан бөлінетіні белгісіз. Мәселе жуық
арада шешілмесе, ауылды тастап көшетіндер саны артуы бек мүмкін.
Автор
Айнұр Әбілқасым
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
Ыстанбұлда «Ұлы даладан Анадолыға дейін» көрмесі ашылды
08.04.2026, 17:37
Қонаевтағы туристік нысандардың жазғы маусымға дайындығы тексерілді
08.04.2026, 17:35
Шымкенттегі колледжде «Таза Қазақстан» экологиялық семинары өтті
08.04.2026, 17:32
Қостанай облысындағы диқандар әулеті бәріне үлгі болып отыр
08.04.2026, 17:30
Қостанай облысында 5,1 млн гектар жерге дән себіледі
08.04.2026, 17:27
Қазақстан Орталық Азияның сауда хабына айналып келеді
08.04.2026, 17:20
Дағыстан су тасқынының үшінші толқынын күтуде
08.04.2026, 17:15
Израиль Ливанға шабуылын үдетті
08.04.2026, 17:12