Басты Жаңалықтар Таяу Шығыстағы шиеленіс мұнай бағасына қалай әсер етті?

Таяу Шығыстағы шиеленіс мұнай бағасына қалай әсер етті?

Д. Трамп осы аптада Ақ Үйде мәлімдеме сияқты жасаған. Би-би-си жазбақшы, Truth Social әлеуметтік желісінде жазған посттарынан айырмашылығы жоқ. Операция аяқталуға жақын, бірнеше апта қалыпты. Риторикасы сол қорқыту: Иранды «тас дәуіріне» қуып тығуға тағы уәде берген. АҚШ президенті «соғыс нәтижесі америкалықтарға жақсы» деген. Алайда, сайлаушылардың басым көбі бұл соғысты құптамайды. Әрі АҚШ-та бензин қымбаттап жатыр. АҚШ пен Израильдің «арнайы операциясының» аяқталатын түрі көрінбейді. «Арнайы операция» деген қып-қызыл соғыс екенін кім білмейді.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Осы қақтығыс бастала сала аятолла Әли Хаменеи өлтірілген кезде соғыс ұзаққа созылмайтын болар деп ойлағанбыз. Бірақ, уақыт өткен сайын сценарий өзгеріп, соғыс қашан аяқталатынына жауап беру қиындап барады.
Себебі, Дональд Трамп айтып жүрген «жеңіс» пен нақты жағдайдың арасы алшақ. Ол «Ирандағы режим әлсіреді», «олардың әскери әлеуеті жойылды» дегенді жиі айтады. Тіпті, операцияға басында 6 апта кетеді деп жоспарлағанбыз, 26 күнде одан озып кеттік деп мәлімдеді. Бірақ, іс жүзінде Иран күйреген жоқ. Қайта, АҚШ-қа жауап ретінде мұхиттың үстімен 4 мың шақырымға жететін зымыран атып, әуе күштері мықты екенін көрсетті. АҚШ Иранның мұндай мүмкіндігі бар екенін оған дейін білмеді ме, әйтеуір, содан кейін Трамп соғысты тоқтату туралы айта бастады. Айтпақшы, АҚШ сенаты Трамп Иранға қарсы операцияны қате есепке сүйеніп бастады деп айыптаған, соңғы жағдайларға қарасақ, сол шындыққа жақын сияқты.

Нұрболат Нышанбай, саясаттанушы:

Бұл қақтығыс тек қана Иран мен АҚШ-тың арасындағы мәселені ғана емес, Америкадағы ішкі саяси өзара түсініспеушілікті, саяси партиялар арасындағы мәселелерді ашық көрсетіп берді. Сондықтан, бұл соғыста бір тарапты нақты жеңіске жетіп жатыр деп айту қиын. Қазірдің өзінде 30 күннен асқан соғыстың өзінде байқағанымыз, біз ойлап жүргендей, осыған дейін бүкіл әлемге паш етіліп келген әскери техникалар, мемлекеттердің әлеуеті іс-әрекетке келгенде, соғысқа келгенде мүлде басқа көрініс көрсетіп отыр.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Айта кету керек, Иран өзінің зымыран мен дрон қоры ұзақ мерзімге жететінін көрсетіп келеді. Олар АҚШ пен Израильдың әр соққысына дереу қарымта соққы жасап отыр. Сондай-ақ, Трамптың Иранда «режим ауысты» деген мәлімдемесіне де сену қиын. Қайта, соңғы күндері елде АҚШ пен Израильға қарсы, уақытша болса да бірігушілер көбейді, - дейді кейбір сарапшылар. 1 айда бірнеше лидерінің көзі жойылса да аятолла Әли Хаменей құрған басқару жүйесі жұмыс істеп тұр, билік сақталып тұр. Өйткені, билікте ұзақ

Нұрболат Нышанбай, саясаттанушы:

Бұл режим тек қана бір адамның аясында емес, ол институционалдық деңгейде қалыптасып қалған. Ол қандай бір тұлғаның көзін жойғанымен, ол бір тұлғаға байланып тұрған жоқ. Екіншіден, бұл жерде геосаясаттың рөлін атап өтуіміз керек. Әйтпесе, қазір Иранның қауіпсіздігін қамтып отырған негізгі басымдық күші ол ешбір ядролық бағдарлама емес, ешбір дрон емес, ешбір әскери құрал емес, керісінше Ормуз бұғазына бақылау жасай алуы. Аймақ елдері уақыт өте келе байқағанымыз, осыған дейін Американың одақтасы саналып келген Катар, Кувейт, Бахрейн, БАӘ, Сауд Арабиясы өздерінің сыртқы саясатын да қайта қарап жатқандай. Ол әрине, Ормуз бұғазымен тікелей байланысты.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Соңғы ақпараттарға қарасақ, Трамп Ормуз бұғазы ашылмаса да Иранға қарсы операциясын тоқтатуға дайын. Өйткені, бұл бұғаздағы шиеленістің арты әлемдік дағдарысқа әкеліп жатыр. Ал ұзақ жыл АҚШ-тың санкциясының астында болған Иран дағдарыс жағдайында өмір сүріп үйренген. Сондықтан бұл дағдарыс Ираннан гөрі АҚШ-тың Парсы шығанағындағы жақтастарына, яғни араб елдеріне ауыр тиіп жатыр. Тіпті, Түркияда инфляция көтеріліп, Оңтүстік Азия елдерінде жұмыссыздық артқан.
Мұның бәрі екі жақ тезірек ортақ шешімге келмесе, соңы жаһандық экономикалық рецессияға алып келуі мүмкін екенін көрсетеді.
Ормуз бұғазы жабылғанда, баррелі 100 доллардан асып кеткен мұнай бағасы әлі түсер емес. Тіпті, екі күн бұрын 140 долларға дейін көтерілді. Айта кетейік, мұндай көрсеткіш соңғы рет 18 жыл бұрын, яғни 2008 жылдары болған дағдарыс кезінде тіркелген.
Әрине, мұнайдың қымбаттағаны қысқа мерзімде Қазақстанға жақсы, бірақ әлемде дағдарыс болса түбі пайда жоқ. Өйткені, түскен пайданы инфляция жеп қояды. Ал тікелей қарасақ, мұндай баға біздің мұнайды сыртқа экспорттайтын ірі компанияларға ғана тиімді. Себебі, ішкі нарыққа елдегі ұсақ компаниялар мұнайды 25 доллардан сатуға міндетті. Сонда айналып келгенде дағдарыс салдарынан кіші компаниялар өзінің болжап отырған табысына жете алмайды. Өйткені, мемлекет ішкі нарықта мұнай бағасын шектеп отыр. Мұндай шектеу тиімсіз, - дейді сарапшы.

Нұрлан Жұмағұлов, мұнай-газ сарапшысы:

Жалпы мұнай-газ секторы инвесторларға қызық болмайды және өндіріс дамымайды. Мұнай-газ компаниялары қазіргі таңда ұсақ-түйек компаниялардың саны 60-тан асады. Олар мәжбүр жергілікті қамтуға. Ал, мысалы, Қазақстанның 65 пайыз мұнайын өндіретін үш компания: Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ жобасы. Олар жергілікті нарыққа бірде-бір мұнайын тапсырмайды. Олар сол кезде экспортқа 100 доллармен экспорттаса, ұсақ-түйек қарапайым компаниялар жергілікті нарыққа 25 доллармен сату керек пе? Онда олардың табыс көзі болмайды, жалақы көтере алмайды, керекті техниканы уақытылы сатып ала алмайды.
Аманкелді Сейтхан, тілші:

Сондықтан бензиннің бағасын нарық өзі реттеуі керек, - дейді сарапшы. Иә, былтыр солай болған. Жыл басында еркін айналымға жіберілген баға жыл соңында ырыққа көнбей кетті. Сол кезде үкімет оны шеткеп, мораторий жариялаған. Енді мораторий бітті. Алда АИ-92 маркалы бензин бағасы қалай болады дегенге келсек, үкімет бензин бағасының негізсіз әрі күрт өсуіне жол берілмейтінін хабарлады. Бірақ, қалай жүргізілетіні белгісіз. Энергетика министрлігінің болжамынша, баға айына 1 теңгеден көтерілуі мүмкін. Сарапшылардың кейбірі бағаны қолдан тежеуге қарсы. Айтуларынша, қазіргі төмен бағамен сатылып жатқан АИ-92 маркалы бензиннің шығынын жоғары сұрыпты АИ-95 бензинін сатып алушылар жауып отыр. Оған қоса, тағы бір өте маңызды мәселе: Қазақстандағы арзан бензиннің игілігін көрші елдер көріп отыр. Өйткені, оларда баға бізден 1,5 есе жоғары. Сондықтан, Ресей мен Қырғызстан азаматтары Қазақстанның бензинін заңсыз тасымалдауға бейім.

Нұрлан Жұмағұлов, мұнай-газ сарапшысы:

Жалпы біздің жанар-жағармай көрші елдерге кетіп жатыр ғой, өйткені 40 пайыздан 160 пайызға дейін айырмашылық бар бағасында. Мысалы, қазір қарасаңыз, Қырғызстанға кетіп жатыр, Ресейге кетіп жатыр, өйткені баға арзан. Демек, мемлекет өзінің табысын жоғалтып жатыр және көрші елдерді субсидиялап жатыр.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Сондықтан, бензин бағасын тежегенше, оның орнына әлеуметтік тарифтер енгізуді ұсынды біз сұхбаттасқан сарапшы. Бірақ ол ойдағыдай жүзеге аса ма, оны кім қадағалайды деген сұрақ бар. Белгілісі, бензин қымбаттаса соңында азық-түлік қымбаттап, басқа да тауарлар мен қызметтер бағасы өсіп кетуі мүмкін. Ал, АҚШ пен Иран арасындағы соғыс ұзаққа созылып, әлемдік дағдарыс күшейсе, жағдай одан да күрделене түседі.


Бөлісу