«Әбіл» фильмі Брюссельдегі кинофестивальде көрсетілді
Қазақстандық режиссер Елзат Ескендірдің «Әбіл» фильмі Брюссельдегі «Миллениум» Халықаралық кинофестивалінде көрсетілді. Туындыда Кеңес Одағы ыдыраған тұстағы жекешелендіру кезінде жемқорлық пен әділетсіздікке қарсы күрескен қарапайым шопанның өмірі суреттеледі. Бір адамның тағдыры арқылы тұтас буынның тарихы баяндалатын фильм осы уақытқа дейін Еуропа мен Азияның кинофестивальдерінде оншақты жүлдеге ие болған. Бельгия жұртшылығы да туындыны тапжылмай тамашалап, жоғары бағаларын берді. Фильмнің көрсетіліміне арнайы қатысқан режиссер Елзат Ескендір мен басты рөлді сомдаған актер Ерлан Төлеутайға көрермен қошаметтері мен сұрақтарын жаудырды.
Елзат Ескендір, «Әбіл» фильмінің режиссері:
Қарапайым азамат пен билік, қарапайым азамат пен саясат, қоғамдағы өзгерістерді олардың қабылдауы, ол қашан да қай қоғамда да маңызды. Сондықтан осы мәселелер мені қатты ойландырады, толғандырады. Осындай ойлар мені «Әбіл» фильмін түсіруге алып келді.
Златина Руссева, «Миллениум» халықаралық кино фестивалінің көркемдік директоры:
Бұл фильм өзінің шынайылығымен ерекшеленеді. Тарихты бүкпесіз жеткізген. Көріп отырып, оқиғаның дәл ортасында жүргендей сезінесің. Картинаның сапасы, басты рөлді сомдаған актердың шеберлігі керемет. Әділетсіздіктің кесірінен барынан айырылған шопанның ішкі толғанысын, қайғысын ғажап жеткізді. Осындай тың туынды үшін алғысым шексіз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы