Басты Жаңалықтар The National Interest журналына Президенттің мақаласы жарияланды

The National Interest журналына Президенттің мақаласы жарияланды

The National Interest журналына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақаласы жарияланды. Онда Мемлекет басшысы еліміздегі саяси реформалардың мәні мен негізгі мақсаттарына тоқталып, әр бастаманың мазмұнын жан-жақты түсіндірген. Сондай-ақ реформалардың ел дамуына қосар үлесі айқын көрсетілген. Президент олардың ұзақмерзімді стратегиялық маңызын ерекше атап өткен.

Бұл басылым халықаралық қатынастарға, сыртқы саясатқа және ұлттық қауіпсіздікке маманданған екі айда бір рет шығатын әйгілі американдық журнал. Мақалада еліміз саяси трансформацияның ең маңызды кезеңіне қадам басқаны, жаңа Конституция өскелең ұрпақтың бағдары, темірқазығы ретінде қызмет атқаратыны айтылған.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ата заңымыз өте мұқият, барынша жауапкершілікпен әзірленді. Мәтіндегі әрбір сөйлемнің жазылуына өзім де үлес қостым. Конституциялық комиссия құрамына еліміздің 129 азаматы енді. Қоғам атынан осылай өкілдік ету бұрын-соңды болмаған. Олар Конституцияны егжей-тегжейлі зерделеп, сарапшылар мен үкіметтік емес ұйымдардан келіп түскен 12 мыңға жуық ұсынысты қарастырды. Ата заң жобасы алты ай бойы қоғам талқысынан өтті. Жаңа Конституция «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласына сай стратегиялық мұратымызды іске асыруға берік негіз қалап, оны одан әрі нығайта түседі.

Сонымен қатар жаңа конституциялық жүйе аясындағы институционалдық реформалар мемлекеттік басқаруды жетілдіріп, басшы кадрларды тұрақты түрде жаңартуға септігін тигізеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Жаңа Конституция тек мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруді көздемейді. Оның өзегі – адам. Ата заңның ең үлкен бөлімі алғаш рет адам құқықтары мен бостандықтарына арналып отыр. Құжатта адамның жеке басына қол сұғылмау құқығына, сонымен қатар дербес деректердің қорғалуына, сот шешiмiнсiз тұрғын үйден айырмауға және шығарып жібермеуге кепілдік беріледі.

Президенттің халықаралық басылымда мақала жариялауы елдің беделін арттырып, халықаралық байланыстар мен инвестиция тартуға оң әсер етеді, дейді сарапшылар.

Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

1995 жылы қабылданған Конституция Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекемдеп, ел еңсесін тіктеуге оң ықпал етті. Ал жаңа Ата заң кемеліне келіп, жаңғыруға бет бұрған, келешекке қол созған қоғамның басты құжаты болмақ. Бұл реформалар Қазақстанның толық цифрлық мемлекетке және инновацияларға негізделген экономикаға көшуін жеделдету үшін қажет болды, деп жазды Президент.


Бөлісу