Басты Жаңалықтар Жолдағы жауапсыздық: Апат неге азаймай тұр?

Жолдағы жауапсыздық: Апат неге азаймай тұр?

Елімізде күн сайын 6 адам жол-көлік апатынан қаза табады. Камера мен айыппұлды арттыру мәселені қаншалықты шешіп жатыр? Ережені өрескел бұзатындардың санын полиция неге тоқтата алмай отыр? Автосарапшылар не деп дабыл қағуда? Толығырақ әріптесім Әйгерім Ердәулет айтып берсін.

Жыл сайын жол-көлік апатынан 2-3 мыңға жуық отбасы қара жамылады. Мәселен, соңғы үш айдың ішінде-ақ 6 мыңға жуық апат тіркеліп, оның 5 мың 300-і жүргізушінің кесірінен орын алған. Көбі Алматы қаласы мен облысында, сондай-ақ Астана мен Жамбыл облысында болған. Ақтөбе, Шымкент, Атырауда да аз емес. Үш айда 300-ден көп жағдай тіркелген. Қаңтардан бері 226 адам көлігіне отырып, үйіне қайта оралмаған. Өліммен аяқталатын апаттың басым бөлігі Түркістан облысында екен. Ал Алматыда апат салдарынан қаза тапқандар көрсеткіші 30 пайызға азайған. Десе де ережені елемейтіндер еселеніпті.

Жылдамдықты асыратын жүргізушілер мен кез келген жерден жолды кесіп өтетін жаяу жүргіншілер саны артып отыр. Камера мен айыппұлды көбейту де мәселені толық шеше алмай отыр. Мамандардың айтуынша, полиция бақылауымен қатар, қоғамның көзқарасы өзгермейінше, жолдағы тәртіп оңалмайды.

Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:

Осы үш күннің ішінде демалыс күндері арнайы рейдтік шаралар жүргізу барысында 5200 жол жүру ережесін бұзу деректері анықталды. Оның ішінде жолдың қарсы бетіне шығып кету деректері 17 жағдай. Апаттық жағдай, маневр тәртібін бұзу. Ең алдымен адамдарда жауапкершілік болуы керек.

Автосарапшы Еркебұлан Құлбасов та жауапкершілік ең алдымен жүргізушінің өзінде екенін айтады. Бірақ ескі көліктерді азайту, жаяу жүргіншілерді қадағалау мен мектеп, балабақша сынды барлық әлеуметтік нысанның маңына жарық пен арнайы дабыл құрылғысын орнату аса қажет екенін алға тартады. Ал жылдамдықты асырғандар үшін жазаны күшейте түсу керек дейді.

Еркебұлан Құлбасов, автосарапшы:

60-пен жүретін 120-мен бірге бір асырдың ба, ол адамды жүргізуші куәлігінен айыру керек. 7 жылға, 5 жылға деген сияқты. Қатаң санкциялар пайдалану керек. Немесе кешегідей 250 км/сағ қаланың ішінде жүргені үшін тікелей адамның өміріне қауіп келтірген адам ретінде қылмыстық іс қозғалып, қатаң шараларға тартылуы керек. Кейбір азаматтар айтуы мүмкін, қазір көшеге камераларды көбейтіп тастады деп, қатаң шаралар енгізіліп жатыр деп. Егер жол ережесін өзіміз бұзбайтын болсақ, ешқандай санкциялардан қорықпаймыз.

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды да өткен аптадағы жантүршігерлік апаттан қаза тапқан жандардың жақындарына көңіл айтып, полицияға көлікті тұраққа дұрыс қоймайтындардан бастап өрескел заң бұзатындарға қатаң шара қабылдауды тапсырды.


Бөлісу