Басты Жаңалықтар СҚО-да интернет алаяқтар 1,4 млрд теңге шығын келтірді

СҚО-да интернет алаяқтар 1,4 млрд теңге шығын келтірді

Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары былтыр кибер алаяқтарға 1,4 млрд теңгеге алданған.

Қолды болған қаражаттың 38%-ы қайтарылды. Олыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, соңғы жылдары жалпы қылмыс деңгейі төмендегенімен, интернет алаяқтық көрсеткіші өсіп келеді. Былтыр «CyberPol» қызметкерлері екі ұйымдасқан қылмыстық топтың жолын кесіп, 56 алаяқтық дерегіне қатысы барын анықтаған. Олар тұрғындарға 400 млн теңгеге жуық шығын келтірген. Тергеу барысында қылмыскерлерден 14 Sim-box, 3 Sim-банк және түрлі операторларға тиесілі 35 мың Sim-карта тәркіленген. Бұл құрылғылар ел аумағында азаматтарды алдау мақсатында қолданылған. Мамандардың айтуынша, алаяқтар көбіне интернеттегі жалған хабарландыру арқылы алдын ала төлем алуға, жалған инвестициялық жобаларға ақша салдыруға немесе фишингтік сілтемелер арқылы жеке деректерді иемденуге тырысады. Сондай-ақ өздерін банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері ретінде таныстырып, телефон арқылы алдау фактілері жиі кездеседі.

Бөлісу