Басты Жаңалықтар Алматыда 5 мыңнан аса жол ережесін бұзу дерегі тіркелді

Алматыда 5 мыңнан аса жол ережесін бұзу дерегі тіркелді

Алматыда соңғы үш күн ішінде жол ережесін бұзған 5 мыңнан аса дерек тіркелді. Полиция бақылауды күшейтіп, рейдтік шараларды көбейтті. Мамандардың айтуынша, күн жылынғалы түнде көлікпен жарысатындар жиілеген. Кейбір жүргізушілер қауіпті маневр жасап қана қоймай, оны бейнетаспаға түсіріп, әлеуметтік желілерде жариялауды әдетке айналдырған.

Қала көшелерінде, әсіресе түнгі уақытта тәртіп бұзатындар көбейген. Полиция мәліметінше, жүргізушілердің жылдамдықты шектен тыс асырып, жолда жарысуы жиі анықтала бастапты. Кейбірі мұны әдейі жасап, әлеуметтік желіде танымал болуға тырысатын көрінеді.

Үш күн рейд барысында 5 мыңнан аса заңбұзушылық анықталған. Тәртіп сақшылары жол ережесін өрескел бұзғандарға қатаң шара қолданылып жатқанын айтады.

Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:

Жүзге жуық автокөлік айып тұрағына қойылды. 43 автокөлік жүргізушісі мас күйінде ұсталып, көлікті басқарудан шеттетілді. Сонымен қатар 2 мыңнан аса жылдамдықты асыра пайдалану деректері тіркелді. Жылдамдықты асыру пайдалану деректері бұл бейнекамералардың көмегімен айқындалатын құқықбұзушылықтар екенін еске саламын.

Түнгі уақытта жолды «жарыс алаңына» айналдыру - тек заң бұзу ғана емес, үлкен қауіп. Полицейлер мұндай әрекеттердің соңы көбіне қайғылы жағдайға әкелетінін ескертеді.

Қуан Нұрақын, тілші:

Айта кетейік, өткен аптада әл-Фараби даңғылында болған жантүршігерлік жол апатынан үш адам көз жұмды. Алдын ала мәлімет бойынша, жылдамдықты шамадан тыс асырған күдікті қарсы бағытқа шығып кеткен. Қазір ол ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр. Ал оқиғаға қатысы бар тағы екі жүргізуші қамауға алынып, тергеу жүріп жатыр.


Бөлісу