Басты Жаңалықтар Президент Ресей премьер-министрін қабылдады

Президент Ресей премьер-министрін қабылдады

Мемлекет басшысы елімізге жұмыс сапарымен келген Ресей Премьер-министрі Михаил Мишустинді қабылдады. Кездесуде Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестіктің және одақтастық қарым-қатынастың нығайып келе жатқанына, өзара тиімді диалог пен жоғары деңгейде жасалған келісімдерді іске асыру қарқын алғанына назар аударылды. Мемлекет басшысының айтуынша, Михаил Мишустиннің Шымкент қаласында өтетін Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысына және Цифрлық форумға қатысуы екі ел байланыстарының айрықша сипатын және оны одан әрі дамытуға деген қос тараптың ұмтылысын тағы да растайды. Әңгіме барысында Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің Қазақстанға мемлекеттік сапарына дайындық мәселелері туралы айтылды. Қасым-Жомарт Тоқаев Астана алдағы сапарды екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды одан әрі дамытуға тың серпін беретін өте маңызды шара ретінде қарастыратынын жеткізді. Ал Ресей Үкіметінің Төрағасы қазақ жерінде көрсетілген сый-құрмет үшін Мемлекет басшысына ризашылығын білдіріп, Қасым-Жомарт Тоқаевты жалпыұлттық референдумның табысты өтуімен және Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы қабылдануымен құттықтады. Сондай-ақ тараптар екіжақты күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың қалай дамып келе жатқаны өзіңізге мәлім. Қазірдің өзінде құны 25 миллиард долларға жуық 122 ірі жоба іске асырылды. Сауда көлемі 30 миллиард долларға жақындады. Бұл жақсы нәтиже деуге болады. Ресей біздің негізгі сауда-экономикалық, инвестициялық серіктесіміз саналады. Бұған әрине қуаныштымыз.
Михаил Мишустин, Ресей Федерациясының премьер-министрі:
Орайлы сәтті пайдаланып, Сізге Владимир Владимирович Путиннің ыстық ықыласын жеткізгім келеді. Бірер күн бұрын Президентпен екіжақты қарым-қатынастың күн тәртібін, сондай-ақ биыл мамыр айына жоспарланған сапарына әзірлік жұмыстарын егжей-тегжейлі талқыладық. Үкімет бұл сапардың да табысты өтуіне барынша күш салады. Сіздің былтыр қараша айында Ресей Федерациясына жасаған сапарыңыз барысында мемлекеттер басшылары қойған барлық міндетті екі ел үкіметтері іске асырып жатыр.


Бөлісу