Құрманғазы оркестрі Ресейде мерейтойлық концерт өткізді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құрманғазы оркестрі Ресейде мерейтойлық концерт өткізді

06.05.2019

Ұлы даланың әуені Мәскеу қаласында 17 жылдан соң, ал Санкт-Петербург шаһарында араға 30 жыл салып барып қайта шырқалды. Биыл құрылғанына 85 жыл болған Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі Ресейдің екі бірдей қаласында мерейтойлық концерт берді. Мәскеудегі «Геликон Опера», ал Санкт-Петербургтың атақты Михайлов театрында өткен кеште, оркестр төгілтіп күй тартты, тамылжытып ән салды, оны естіген жұрт тамсанды.

Бұл - Түркештің «Көңілашары», бұл - Ұлы даланың үні. Кеш шымылдығын осындай керемет күймен ашқан Құрманғазы оркестрі одан әрі «Аққу», «Балбырауын», «Адай», «Сарыарқа» мен «Махамбетті» төгілтті. Содан соң, оркестрдің сүйемелдеуімен «Дударай», «Балқадиша» әндері шырқалды. Ал «Қыз Жібек» операсындағы Шегенің термесін естіген жұрт нағыз қазақ әнінің табиғатына қанықты.

Эдуард Мусаханянц, «Геликон-Опера» театры көркемдік жетекшісінің орынбасары:

- Бізге осындай тамаша кеш сыйлағандарыңыз үшін алғыс айтамыз. Құрманғазы оркестрі - кілең кәсіби шеберлерден құралған таңғажайып ұжым. Олардың әрбір шығармасын естігенде эмоцияңды тежеу мүмкін емес.

Жиналған жұрт расында да эмоцияға ерік берді. Қазақтың әрбір күйін тебірене қабылдаған тыңдарман оркестрдің орындауындағы орыстың халық әндерін естігенде, бүкіл зал болып қосыла шырқады.

Кеш барысында ресейлік көрермен Россини, Вивальди және Чайковскийдің әлемге танылған классикалық туындыларын қазақтың ұлттық аспаптарымен орындалған нұсқасында алғаш рет тыңдады.

Құрманғазы оркестрінің мерейтойлық концерті Ресейдің мәдени астанасында да өтті. Санкт-Петербургтағы атақты Михайлов театрына жиналған жұрт қазақ өнерпаздарының өнерін 2 сағат бойы тапжылмай отырып тамашалады. Тіпті кейбір жұрт әннің сөзін түсінбесе де, қазақтың әуеніне елітіп отырды.

Осылайша Ресейдің қос шаһарында да концерт сәтті өтті. Оркестрдің өнеріне тәнті болған халық, қазақ өнерпаздарына қол соғудан шаршамады .

Құрманғазы оркестрі – қазақтың бетке ұстар өнер ұжымдарының бірі. Бұл - ұлтымыздың музыкалық мәдениетін бүкіл әлемге таныстырып жүрген бірегей шығармашылық топ. Ол өзінің 85 жылдық тарихында әлемнің 80-ге тарта елінде болды. Дегенмен, Құрманғазы оркестрі Мәскеуге 17 жылдан соң, ал Санкт-Петербургқа 30 жылдық үзілістен соң қайта келіп тұр. Сондықтан болар қазақ өнеріне сусаған ресейліктердің ықыласы, қошеметі ерекше болды.

Нұртас СОЛТАНҰЛЫ

Хабарламаларға жазылу