Басты Жаңалықтар Елде балаларға арналған әуе билеттері субсидияланады

Елде балаларға арналған әуе билеттері субсидияланады

Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне туристік саланы және балалар спортын қолдау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға  қол қойды. Құжатқа сай, ел ішінде саяхаттайтын балалардың ішкі әуе рейстеріне арналған билет құнының бір бөлігін мемлекет өтейді. Бұл шара ішкі туризмді дамытуға және қазақстандықтардың ел аумағында саяхаттауын ынталандыруға бағытталған. Сонымен қатар, заң аясында Қазақстанға келетін шетелдік туристерді тарту мақсатында туроператорларға да қолдау көзделген. Яғни, елге келген әрбір шетелдік турист үшін кіру туризмімен айналысатын туроператорлардың шығындары субсидияланбақ. Бұдан бөлек, заңда балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға қатысты өзгерістер де қарастырылған. Атап айтқанда, балалар-жасөспірімдер спорт мектептеріне қосымша білім беру ұйымы мәртебесі беріліп, олар үшін мемлекеттік тапсырыс пен жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі енгізіледі.

Спорт мектебінде сабақ беретін жаттықтырушылардың жалақысы 30 пайызға өседі

Сондай-ақ заң аясында балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде сабақ беретін жаттықтырушылардың жалақысы 30%-ға өседі.  Бүгінде елімізде 526 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Онда 15 мыңнан астам жаттықтырушы-оқытушы еңбек етеді. Жыл сайын педагогтардың шамамен 30%-ы біліктілігін арттырады деп жоспарланып отыр.

Мейрамғазы Сапарғалиев, ҚР ТСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің баспасөз хатшысы:

Қосымша төлем біліктілік тестілеуінен өткен және даярлықтың ұлттық стандарттарына сәйкес оқу-жаттығу үдерісін жүргізетін жаттықтырушы-оқытушыларға беріледі. Жергілікті бюджеттен қосымша қаражат бөлу Республикалық бюджет комиссиясының шешімімен қолдау тапты. 2026-2028 жылдарға 74 млрд теңге жоспарланған. Оның 1,8 млрд теңгесі жаттықтырушы-оқытушылардың жалақысына қосымша төлемдерге жұмсалады.
Бөлісу