Басты Жаңалықтар Президент республикалық референдумда дауыс берді

Президент республикалық референдумда дауыс берді

Мемлекет басшысы жаңа Конституция жобасы бойынша республикалық референдумға қатысып, дауыс берді. Президент отандық және шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған брифинг өткізіп, журналистердің сауалдарына да жауап берді. Оңғар Алпысбайұлы жалғайды.
Оңғар Алпысбайұлы, Тілші:
Бұл Астана қаласындағы №51 референдум учаскесі. Тура осы жерде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өз таңдауын жасап жатыр.
Ал біз бірден Президенттің құжатын қабылдап, бюллетень берген комиссия мүшесімен сұхбаттастық.
Ләззат Әліпбекова, Қалалық №51 референдум учаскесінің комиссия мүшесі:
Жеке куәлігі бойынша тізімнен фамилиясын тауып, дауыс беру бюллетенін бердім. Жеке куәлігін көрдім. Тарихи сәт. Өте қуаныштымын. Жүзбе-жүз көргеніме өте қуаныштымын.
Президент журналистердің сұрағына жауап берді
Одан соң Президент тілшілермен тілдесіп, бүгін еліміздің дамуы мен келешегі үшін ерекше маңызды күн екенін атап өтті. Әрі тілшілер қауымының түрлі салаға қатысты сауалдарына жауап беруге дайын екенін жеткізді.
Оңғар Алпысбайұлы, Тілші:
Президент мырза сіз жаңа Конституция жобасына арналған референдум туралы жиі айтасыз. Бұл жобаның, жаңа құжаттың тарихи мәні туралы айтып өтсеңіз.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бұл құжат тәуелсіздігімізді, егемендігімізді қорғайтын басты құжат. 1995 жылы қабылданған конституцияның рөлі өте ерекше. Бірақ заман деген бір жерде тұрмайды. Жаңа Конституцияны қабылдайтын сәт келді. Сондықтан мен өзім жұмысқа кірістім. Конституцияның преамбуласын басқа да нормаларды өзім жаздым. Сондықтан болашақта жақсы қызмет ететініне күмәнім жоқ.
Мемлекет басшысы «Вице-Президент лауазымы не үшін қажет?» деген сұраққа былай жауап берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Вице-Президент лауазымы туралы әртүрлі әңгіме бар. Шын мәнінде, бірқатар шет мемлекетте Вице-Президент лауазымы бар. Ешқандай қорқыныш болмауы керек бұл мәселе бойынша. Вице-Президент деген біздің биліктің инфроқұрылымын нығайтады. Бәрі айқын болады. Мен өзім Президент ретінде бұл лауазымға не болмаса бүкіл реформаға үлкен үмітпен қарап отырмын.
Тірліктің тынысы тоқсан тарау, сексен сала. Солардың салмақтысы сыртқы саясат екені сөзсіз. Президент Таяу шығыстағы ахуалға қатысты ұстанымымыз берік, айнымас бағытымыз бар екенін де айтты. Ал Трамп құрған Бейбітшілік кеңесін нақты нәтиже беретін бастама деп бағалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ең алдымен, Америка Құрама Штаттарының Президентіне құрметім ерекше екенін атап өткім келеді. Бейбітшілік кеңесі туралы бастаманың идеясы, халықаралық күн тәртібіндегі күрделі мәселелерді шешудегі жаңашыл тәсілдері көңілден шықты. Мұнда әуелі дәстүрлі дипломатия мен ірі бизнестің мүмкіндіктері ұштасады. Бұл қарапайым халыққа, соның ішінде Газа секторының тұрғындарына нақты пайдасын тигізеді.
Мемлекет басшысы жаңа Конституция жобасын заң мен тәртіп үстемдік құратын Әділетті Қазақстанның Конституциясы, болашаққа бағдарланған құжат деп сипаттады. Ата заң алдымен жастарға арналған, яғни жас буынның темірқазығы болуға тиіс. Жаңа Ата заңның мақсаты – осы, - деді Президент.

Бөлісу