Перзентханадағы аналар да дауыс беруде
Бүгінгі саяси науқанға жүкті әйелдер мен жаңа босанған аналар да белсене қатысуда. Түркістандағы №3 перинаталдық орталықта 225 нәзікжанды өз таңдауларын жасауда. Олар еліміз үшін аса маңызды тарихи күні сәбилерін бауырларына басқанына қуанышты әрі елдің тыныштығы мен балаларының алаңсыз болашағы үшін дауыс бергендерін айтады. №112 референдум учаскесінде алғашқылардың бірі болып Шолпан Әлішева дауыс берді. Бесінші сәбиін дүниеге әкелген ана перзентханада алғаш рет таңдау жасағанын айтады.
Айта кетейік, бүгінгі күнге перинаталдық орталықта 8 нәресте өмірге келген.
Шолпан Әлішева, Түркістан тұрғыны:
Бұл қызым бесінші перзентім. Үйде екі ұл екі қызым бар. Атын Томирис деп қойдық. Референдумға тура қарсы босанғаныма өте қуаныштымын. Балаларымның болашағы үшін осы референдумға дауыс беруге келдік. Әрбір Қазақстан Республикасы азаматының өз міндеті деп ойлаймын.
Ал Атырауда референдум қарсаңында екі бірдей үшем дүниеге келді. Бұл қуанышты жаңалық перзентхана ұжымы мен жас аналардың жақындары үшін ерекше сәт болды. Перинаталдық орталықтағы №22 жабық референдум учаскесінде үшемдердің аналары да дауыс беріп, өз таңдауларын жасады. Жәшікке өз бюллетенін салған олар «референдумда әр дауыс маңызды» екенін айтады.