Референдум: Бүгін үгіт-насихат жүргізудің соңғы күні
Бүгін түнгі сағат 00:00-де референдум алдындағы үгіт-насихат науқаны аяқталады. Ертең - «тыныштық күні». Яғни саяси науқанға қатысты үгіт-насихат жүргізуге қатаң түрде тыйым салынады. Орталық референдум комиссиясының төрағасы заң бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертті.
Референдум күні үгіт-насихатқа, дауыс берушілер арасында сауаланама жүргізуге тыйым салынады. Заңға бағынбағандар жазаланады. Жеке тұлғалар 43 мың, заңды тұлғалар 108 мың теңгеге дейін айыппұл арқалайды.
Ләззат Сүйіндік, ҚР Орталық референдум комиссиясының мүшесі:
Дауыс беру күні дауыс беруге арналған үй-жайда немесе пунктте қоғамдық пікірге сауал салуды жүргізуге тыйым салынады. Сауал салуды учаскелік комиссияның шыға берісінде және тиісті түрде Орталық референдум комиссиясының хабардар еткен заңды тұлғалар жүргізе алады.
Референдум алдындағы үгіт-насихат басталғалы заңға қайшы 26 дерегі анықталған. Оның 24-і әлеуметтік желілерде, қалған екеуі интернет басылымдарда жарияланған.
Қанат Ысқақов, ҚР Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі:
Сонымен қатар үгіт кезінде онлайн-плаформаларда Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзудың 54 дерегі анықталды. Аталған материалдар бойынша уәкілетті орган тарапынан онлайн платформа иелерінің атына қарастыру және тиісті шешім қабылдау үшін Ішкі істер министрлігіне жіберілді.
Орталық референдум комиссиясы референдумды өткізуге толық дайын
Сондай-ақ Орталық референдум комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров барлық деңгейдегі референдум комиссиялары саяси науқанды өткізуге толық дайын екенін мәлімдеді.
Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық референдум комиссиясының төрағасы:
Осы уақытқа аккредиттеу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді. Бүгінгі күні барлығы 256 ұйым аккредтителді. Оның ішінде Орталық комиссия тарапынан 11 ұйым, өңірлік аумақтық комиссиялар тарапынан 245 ұйым.
15 наурыз күні ел аумағында 10 мыңнан астам дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. Оның 92-сі әскери бөлімдер мен емдеу мекемелерінде орналасқан. 12,5 миллионға жуық адам саяси науқанға қатысуға құқылы.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы