Басты Жаңалықтар Референдум: Бүгін үгіт-насихат жүргізудің соңғы күні

Референдум: Бүгін үгіт-насихат жүргізудің соңғы күні

Бүгін референдум алдындағы үгіт-насихат жүргізудің соңғы күні. Түнгі 00:00-ден «тыныштық күні» басталады. Яғни саяси науқанға қатысты үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынады. Заң бұзғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлейді. Бұл туралы Орталық референдум комиссиясында өткен жиында ескертілді. Үгіт-насихат басталғалы «Республикалық референдум туралы» және «Сайлау туралы» заңды бұзудың 26 дерегі анықталған. Оның 24-і әлеуметтік желілерде, қалған екеуі интернет басылымдарда тіркелген. Материалдар Бас прокуратураға жолданды, - дейді Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов.

Қанат Ысқақов, Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі:

Мониторинг БАҚ пен онлайн платформаларды пайдаланушылардың 3 негізгі талапты сақтауына қатысты жүргізілді. Сонымен қатар үгіт кезінде онлайн-плаформаларда Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзудың 54 дерегі анықталды. Аталған материалдар бойынша уәкілетті орган тарапынан онлайн платформа иелерінің атына қарастыру және тиісті шешім қабылдау үшін Ішкі істер министрлігіне жіберілді.

Сондай-ақ Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров барлық деңгейдегі референдум комиссиялары саяси науқанды өткізуге толық дайын екенін мәлімдеді. Ол дауыс беру учаскелерінде қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйым өкілдері байқаушы ретінде қатысатын жеткізді. Қазірге дейін 256 ұйым аккредиттелген. Сонымен бірге, референдум барысын 38 мемлекет пен 11 халықаралық ұйымның 359 байқаушы бақылайды. Айта кетейік, елімізде 15 наурыз күні 10 мыңнан астам дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. Оның 92-сі әскери бөлімдер мен емдеу мекемелерінде орналасқан. Орталық референдум комиссиясы өкілдерінің ақпаратынша, 12,5 миллионға жуық адам саяси науқанға қатысуға құқылы.


Бөлісу