Басты Жаңалықтар Боранда көліктер жолда қалды

Боранда көліктер жолда қалды

Еліміздің солтүстігі мен орталығында қыс ызғары әлі басылар емес. Синоптиктер болжағандай Астанада ауа температурасы -29 градусқа дейін төмендеді. Осыған байланысты кешеден бері елордадағы мектеп оқушылары мен колледждердің 1-2 курс студенттері онлайн форматта оқыды. Ал Павлодар облысында бораннан 3 мыңға жуық тұрғын жарықсыз қалды. Петропавл қаласының маңында 200-ден астам көлік жолда кептелісте тұр. Еліміздің орталық және солтүстік өңірінде қолайсыз ауа райы тұрғындарды әуреге салды. Бірнеше облыста жолдар жабылып, мектептер онлайн жұмыс істеді. Төтенше жағдай қызметінің жұмысы күшейтіліп, жолда қалған тұрғындар құтқарылды.

Павлодар облысында қатты желден 100-ден аса учаскеде электр желісі үзілді. Басым бөлігі қалыпқа келтірілді. Қолайсыз ауа райына қарамастан жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Баянауыл ауданы Майкөбе ауылында ақтүтек боранда жоғалған малды іздеуге шыққан тұрғынның мәйіті табылды.

Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының аумағында Тәжікстаннан Ресейге бет алған автобус қатты аяз бен бораннан жүре алмай қалған. Көлік ішінде 34 жолаушы болған. Полицейлер оларды қауіпсіз жерге жеткізді. Барлық бағыттағы жолдар уақытша жабылды.

Астана-Қарағанды тасжолында да қозғалыс шектелді. Төтенше жағдай қызметі жолда қалған 400-ден астам жолаушыны құтқарды.

Ақмола облысында да ауа райының қолайсыздығына байланысты республикалық және облыстық маңыздағы жолдар жабылды. Патрульдік полиция қызметкерлері күшейтілген режимге ауысты. Синоптиктер болжамына кей аудандарда жаңбыр жауып, көктайғақ болуы мүмкін.

Солтүсүтік Қазақстан облысында желдің екпіні секундына 30 метрге жетті. Боран салдарынан жолда 200-ден астам көлік қалып қойды. Әуе рейстері уақытша тоқтатылды. Синоптиктер болжамынша түнде де қар жауып, боран соғуы ықтимал. Бірнеше өңірде дауылды ескерту жарияланды.


Бөлісу