Қазақстанда тұрғын үй бағасы өсе ме?
Биыл баспана бағасы қымбаттай ма? Өнеркәсіп және құрылыс министрі пәтер құнына қатысты пікір білдірді. Оның сөзінше, баға нарықтың ырқына қарай құбылады. Бүгін Үкімет отырысында тұрғын үй құрылысын дамыту мәселесі қаралып, екінші деңгейлі банктерге коммерциялық ипотеканы көбейту тапсырылды. Одан бөлек, шілде айынан бастап Құрылыс кодексі күшіне енеді. Министрлер кабинетінде айтылған осы және басқа маңызды жайттарды тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тарқатады.
Әлеуметтік баспананың шаршы метрі қазір 350 мың теңге. Министрдің айтуынша, бұл баға сақталады. Ал жекеменшік құрылыс компаниялары салып жатқан тұрғын үйлердің құны нарықтағы жағдайға байланысты өзгереді деді.
Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі:
Біз жеке меншік құрылыс компанияларының баға саясатына араласа алмаймыз. Сондықтан коммерциялық тұрғын үйге сұраныс артса, тиісінше баға да қымбаттайды. Бұл жерде барлығы нарықтағы жағдайға тәуелді.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Ал «Отбасы банк» төрағасы баспана енді арзандамайды деп шегелеп айтты. Оның сөзінше, 2000 жылдардың басында елде туу көрсеткіші айтарлықтай өскен. Сол жылдары 222 мың бала дүниеге келсе, 2007 жылы бұл көрсеткіш 322 мыңға жеткен. Қазір сол жастар еңбекке жарап, баспана нарығында өте жоғары сұраныс қалыптастырып отыр екен.
Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы:
2000 жылы туғандардың жасы қазір 26-27-де. Олар баспана нарығында өте жоғары сұраныс қалыптастырып отыр. Өткен жылы біз 2,5 млн шаршы метр тұрғын үй салдық - бұл 150 мыңнан астам пәтер. Соған қарамастан, сатылым жүріп жатыр: тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы да, коммерциялық ипотека арқылы да, халыққа тікелей сату арқылы да.
Биыл 18,5 млн шаршы метр тұрғын үй салынады
Банк басшысының айтуынша, елде жыл сайын шамамен 120-130 мың неке тіркеледі. Жаңа отбасы құрылғанда ең бірінші жоспар – пәтер сатып алу. Сондықтан баспанаға деген сұранысты қанағаттандыру үшін биыл елде 18,5 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар құрылыс саласын қаржыландыру мен ипотекалық бағдарламаларды кеңейту көзделген.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Тұрғын үйді қолжетімді ету бағытында жұмысты жалғастыру керек. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарларының орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Ірі қалаларда, әсіресе Астана мен Алматыда, құрылыс жұмыстарының көлемі өсіп келеді. Сонымен қатар моноқалалар мен ауылдық жерлердегі тұрғын үй құрылысын дамытуға да көңіл бөлу керек.
Үкімет коммерциялық ипотеканы көбейтуді тапсырды
Үкімет Құрылыс министрлігіне Ұлттық банкпен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, екінші деңгейдегі банктердің коммерциялық ипотекасын көбейтуді тапсырды. Ал «Отбасы банк» осал санаттарға көңіл бөлетін болды.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Сондай-ақ 1 шілдеден бастап Құрылыс кодексі күшіне енеді. Оның аясында лицензиялар электронды түрде тексеріліп, инженерлер кезең-кезеңімен сертификаттаудан өтеді. Сондай-ақ халықаралық стандарттарға сай Ұлттық техникалық нормалау институты құрылады. Ал құрылыс жобаларының барлығы міндетті сараптамадан өтеді. Бұл сапасыз жобаларды ерте анықтап, жемқорлықтың алдын алуға мүмкіндік береді.
Үкімет тапшылық пен баға өсімін болдырмауға тырысып жатыр. Ол үшін құрылыс материалдары мен жабдықтарды ел ішінде өндіруді дамыту жоспарланған. Биыл Қазақстанда осы бағытта 38 жаңа жоба іске қосылады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы