Басты Жаңалықтар СҚО тұрғындары жаңа Конституция жобасын талқылады

СҚО тұрғындары жаңа Конституция жобасын талқылады

Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары жаңа Ата заң жобасын талқылады. Жиынған өңірге жұмыс сапарымен барған Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев қатысты. Кездесуде конституциялық нормаларды іске асыру тетіктері, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мәселелері және аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму бағдары сөз болды.

«Жаңа Конституция – ұзақмерзімді дамудың берік негізі» тақырыбына арналған пікірлесу алаңына мәслихат депутаттары, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, белсенді жастар және жергілікті кәсіпорындардың еңбек ұжымдары қатысты. Сенат Төрағасы ел алдында тұрған стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу үшін азаматтық қоғам институттарының бірлескен жұмысы айрықша маңызға ие екенін атап өтті.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен 15 наурызда жаңа Конституцияға байланысты республикалық референдум өтеді. Жаңа Конституцияның жобасында заң мен тәртіп қағидатына ерекше мән беріліп отыр. Азаматтардың мүдделері мен құқықтарын қорғау, және орнықты даму бағдары да басты назарда. Білім, ғылым, инновациялар және мәдениет еліміздің маңызды басымдықтары ретінде айқындалды. Конституциялық реформа өңірлерді дамытудың институционалдық негізін де қалыптастырады. Бәсекелі экономика құруға, ұлттық байлықтың халық игілігіне жұмысалуын қамтамасыз етуге үлкен көңіл бөлінген.

Мәулен Әшімбаев қазір Қазақстан ауқымды саяси жаңғыру кезеңін бастан өткеріп жатқанын атап өтті. Палата Спикері өңір тұрғындарымен қоғамдағы өзекті мәселелер жайында кері байланыс орнату үшін ашық диалог жүргізудің және Мемлекет басшысы ұсынған реформаларды тиімді жүзеге асыру жолында бірлесіп жұмыс істеудің маңызы зор екенін тілге тиек етті.

Ерлан Тоқшылық, облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы:

Халықтың осы қолдап, өте бір түсіністікпен қабылдап жатқаны қуантады. Алдағы уақытта жаңа Конституциямыз ел өркендеуіне үлкен үлес қосады деп сенемін және Преамбулада айтқандай, біз еліміздің, тарихымыздың жаңа парағын ашып отырмыз.

Сондай-ақ Сенат Төрағасы жаңа Конституция жобасының негізгі бағыттарына тоқталды. Маңызды құжат еліміздің ұзақмерзімді даму бағдарына айналмақ. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша ұсынылып отырған өзгерістер заман талабына сай жедел бейімделетін, икемді мемлекеттік жүйе қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Байжан Әбдіров, «AMANAT» партиясы СҚОФ жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының кеңесшісі:

Еліміздің көптеген осындай жақсы жағына өзгеруіне ықпалын тигізеді деп сенеміз. Халық билікпен емін-еркін өзінің ойын айтып, санса алады. Билік те халықты тыңдай алады. Осындай енді көптеген өзгерістер бар.

Өңірге сапар барысында Мәулен Әшімбаев ірі кәсіпорын  ұжымдарымен кездесті. Парламент депутаттары «Мағжан орталығының» және Петропавл қаласындағы ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған №2 коррекциялық мектеп қызметімен танысып, өнер ұжымдарымен жүздесті.

Бөлісу