Басты Жаңалықтар Тарих пен технология ұштастырылған музей

Тарих пен технология ұштастырылған музей

Солтүстік Қазақстан облысында шалғайдағы ауылда цифрлық музей ашылды. Нысан кешегі тарих пен бүгінгі технологияны топтастырған. Бұл Қазақстанда цифрлық форматта жұмыс істейтін алғашқы музей. Нысан Ғабит Мүсірепов ауданының орталығы Новоишим ауылында. Мұнда келушілер жәдігерлерді тамашалап қана қоймай, цифрлық технологиялардың көмегімен тарихты интерактивті түрде зерттейді. Музейде виртуалды қазба жұмыстарына қатысып, 3D-принтер арқылы табылған жәдігердің үлгісін басып шығару мүмкіндігі бар. Кешенде аудан тарихы, табиғаты мен болашағына арналған бірнеше тақырыптық аймақ ұсынылған. Мамандардың айтуынша, барлық ақпарат цифрлық форматта ұсынылғандықтан, музей қорын үнемі жаңартып отыруға болады. Ал жасанды интеллект пен заманауи технологиялар келушілерге тарихты қызықты әрі қолжетімді түрде таныстыруға мүмкіндік береді. Жоба Президент тапсырмасына сай өңірде цифрландыруды дамыту мақсатында жүзеге асқан. Меузейде халықтың цифрлық сауаттылылығын арттыру, киберқауіпсіздік негіздері, жасанды интеллектті пайдалану бойынша арнайы дәрістер өтеді. Сонымен қатар, электрондық үкімет сервистерін пайдалану жөнінде кеңестер беріледі. Музей Креативті орталық қабырғасында жұмыс істейді. Облыста 11 IT-орталық ашылды. Оның 8-і ауданда, ал 3-уі шалғай  ауылдарда.

Әйгерім Ахметова, цифрлық музей меңгерушісі:

Цифрлық музейдің басты мақсаты  - халық назарына құнды жәдігерлерді ұсынып қана қоймай, тарихты тереңінен тануға жағдай жасау. Жасанды интеллекттің көмегімен ескі суреттер мен видеожазбаларды цифрландырдық. Адам бұндай ақпаратты жеңіл қабылдайды. Музейге еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін келіп жатыр. Жаңа формат көпшілік қызығушылығын тудырды.
Бөлісу