Басты Жаңалықтар Елімізде алғашқы цифрлық музей ашылды

Елімізде алғашқы цифрлық музей ашылды

Елімізде алғашқы цифрлық музей ашылды. Нысан Солтүстік Қазақстан облысы Ғабит Мүсірепов ауданының орталығы Новоишим ауылында. Музейге келушілер жәдігерлермен танысып қана қоймай, цифрлық технологиялар арқылы оларды жан-жақты танып біледі. Жаңа жоба ауыл тұрғындарына туған өлкенің мәдениеті мен тарихын тереңірек тануға, сондай-ақ цифрлық технологиялар арқылы өңірдің экономикалық әлеуетін дамытуға мүмкіндік береді. Мәдени қызметімен қатар, орталық цифрлық құзыреттер алаңы ретінде де жұмыс істейді. Мұнда цифрлық сауаттылықты арттыру, киберқауіпсіздік негіздері, жасанды интеллект құралдарын практикалық қолдану бойынша оқытады. Сонымен қатар, электрондық үкімет сервистерін пайдалану жөнінде кеңестер беріледі.
Цифрлық гид жауаптан жаңылмады. Ол музейге келген меймандарды бірінші болып қарсы алады. Жаңа орталықта өлкенің тарихы заманауи цифрлық технологиямен ұштастырылған.
Эльмира Кәленова, тілші:
Бұл жерде виртуалды қазба жұмыстарына қатысып, өзіңді археолог ретінде сезініп көруге болады. Мәселен, мен Ежелгі Ботай қонысында тұрмын. Сол дәуірге жататын жәдігер тауып алдым.
Цифрлық қазба жұмыстарында табылған олжаны 3D принтер арқылы басып шығаруға болады. «Жер мұрасы» аймағында 50-ге жуық жәдігер жасырылған.
Нұрайым Шәрбекова мектеп оқушысы. Сыныптастарымен бірге экскурсияға келіп, ерекше мұражаймен танысты. Бойжеткен Қазақстандағы тұңғыш цифрлық музей өзі туған ауылда ашылғанын мақтан тұтады.
Нұрайым Шәрбекова, мектеп оқушысы:
Біздің ауылымызда мұндай музей ашылады деп ойламағанмын. Әсерім өте ерекше. Өзім күнделікті басып, көріп жүрген жерлерді виртуалды түрде көру мен үшін өте қызық және ерекше болды.
Музейде аудан табиғаты, флорасы мен фаунасы, тарихи деректер мен маңызды оқиғалар туралы ақпарат топтастырылған. Кешенде 4 аймақ бар. Бірі аудан тарихынан сыр шертсе, екіншісі болашаққа арналған жоспарлар жөнінде баяндайды.
Берік Сапанов, аудан әкімінің орынбасары:
Болашақ аймағында жаңа кластерлер көрсетілген. Теміржол саласы, ауылшаруашылығы саласы және жаңа салынатын спорт ғимараттары айқын көрсетілген. Болашақта істелінетін негізгі жұмыстарды көрсетіп отырмыз.
Жобаның басты ерекшелігі — барлық ақпараттың цифрлық форматта ұсынылуы. Бұл музей қорын үнемі толықтырып отыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды қолдану арқылы келушілер тарихты интерактив форматында зерделей алады.
Нұрлыбек Қисықов, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Біздің апуданымызда ашылып жатқан мынау цифрлық мұражайдың берері мол. Өткенімізді саралаймыз, бүгінгі күнімізді бекітеміз, болашағымызмен байланыс жасаймыз. Осының бәрі шынайы тарихтың ішінде жүріп жатса, бұл әрбір халықтың өсіп-жетілуі үшін өте қажет нәрсе.
Цифрлық музей аудандық креатив қабырғасында жұмыс істейді. Биыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланды. Президент тапсырмасын орындау мақсатында облыста 11 IT-орталық ашылды. Оның 8-і ауданда, ал 3-уі шалғай ауылдарда.

Бөлісу