Басты Жаңалықтар Елімізде 13 мыңдай әйел ғылыми зерттеумен айналысады

Елімізде 13 мыңдай әйел ғылыми зерттеумен айналысады

Қазақстанда 13 мыңға жуық әйел ғылыми зерттеумен айналысады. Бұл – елдегі ғылыми қызметкерлердің шамамен 56 пайызы. Мұндай деректі Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы жариялады. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында академия алғаш рет отандық әйел ғалымдарға арналған академик Нәйлә Базанова атындағы марапатты табыстады. Ғылымды дамытуға айрықша үлес қосқан жетекші ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен ғылыми ұйымдардың қызметкерлері арасынан 70-ке жуық әйел марапатқа ие болды. Нәйлә Оразғұлқызы Базанова – Қазақстан мен Орталық Азиядағы тұңғыш әйел-академик. Көрнекті физиолог ғалым ауыл шаруашылығы жануарлары физиологиясы саласының негізін қалаушылардың бірі. Сондай-ақ қазақ әйелдері арасынан шыққан алғашқы биология ғылымдарының докторы. Ғалымдар бұл марапат ғылым саласында табысқа жеткен әйелдердің еңбегін бағалап қана қоймай, жас зерттеушілерге үлгі болатынын айтады. Олардың пікірінше, мұндай бастама ғылымға бет бұрған қыз-келіншектерге жаңа серпін береді.

Ләззат Спанқұлова, экономика ғылымдарының докторы:

Ұлтымызда айтады ғой, қыздарды оқытуға, қыздарды тәрбиелеуге ерекше көңіл бөледі. Сондықтан осындай марапат алу біз үшін зор құрмет. Және бізге рухымызды көтеріп, көңіл-күйімізді көтеріп өзіміздің алға қойған мақсаттарды орындауға көп көмектеседі.


Бөлісу