Гендерлік теңдік – ел дамуының маңызды бағыты
Жаңа Конституция жобасындағы барлық саладағы әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктері кеңейтілген. Сарапшылар клубының кеңейтілген отырысына қатысқан Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев осылай деді. Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саяси бағдардың стратегиялық басымдығы екені айтылып, бұл бағытта нақты қадамдар мен жаңа тәсілдер керектігіне мән берілді. Кездесуде әйелдердің саясаттағы және шешім қабылдау деңгейіндегі өкілдігін арттыру, сондай-ақ халықаралық тәжірибені енгізу мәселелері талқыланды. Жаңа Ата заң жобасында отбасына, ана мен баланы қорғауға назар аударылған. Отырысқа мемлекеттік органдар, бизнес, медиа және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
Жаңа Конституция жобасында реформалардың өзегінде адам, оның қадір-қасиеті және гендерлік айырмашылыққа қарамастан тең даму құқығы тұрғанын көреміз. Бұл – біздің саяси жүйеміздің кемелденгенінің белгісі. Әйелдер көшбасшылығы еліміз үшін қалыпты құбылысқа айналып келеді. Конституциялық нормалар барлық азаматтың құқықтары мен мүмкіндіктерінің теңдігін айқындайды, азаматтық белсенділік тетіктерін күшейтеді және ана мен отбасының қорғалуын қамтамасыз етеді. Мұның бәрі әйелдердің өз әлеуетін толық жүзеге асыруына, мемлекеттік басқаруға және қоғамның дамуына белсенді қатысуына қажетті берік негіз қалайды.
Айта кету керек, жаңа Ата заң жобасында адам құқығына баса мән берілген. Әсіресе цифрлық кеңістіктегі жеке деректер конституциялық деңгейде қорғалып отыр. Бұл өте маңызды дейді, жастар.
Әйгерім Құсайынқызы, Сенат жанындағы талдау мектебінің түлегі:
Бүгінгі таңда елде жүргізіліп жатқан реформалардың ең маңыздысы адамдардың цифрлық кеңістіктегі құқығын қорғау деп ойлаймын. Бұл жаңа Ата заң жобасының 21-бабында көрініс тапқан. Бұл өте маңызды деп санаймыз. Өйткені заман дамып жатыр, елімізде цифрлық трансформация жүріп жатыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы