Басты Жаңалықтар Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығысқа бармауға шақырды

Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығысқа бармауға шақырды

Таяу Шығыс елдерінде Қазақстанның 9 мыңға жуық азаматы жүр. Көпшілігі Біріккен Араб Әмірліктері, Қатар мен Сауд Арабияда. Сонымен бірге Израильде 163, Иранда 47 отандасымыз бар. Мұны Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев айтты. Қазір бұл мемлекеттерде дипломаттар тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Қазақстандық туристерді елге эвакуациялау бойынша арнайы үйлестіру штабы құрылған. Осы уақытқа дейін қарулы қақтығыс болып жатқан жерден мыңнан аса азамат қайтарылды. Бүгін-ертең тағы Масқат пен Жидда қалаларынан Алматы, Атырау, Ақтауға арнайы ресйттер ұшып келеді. Сыртқы істер министрлігі жағдай тұрақталғанша Таяу Шығысқа барудан бас тартуға шақырып отыр.

Ерлан Жетібаев, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

Әуе кеңістігіне қойылған елеулі шектеулерге байланысты белсенді әскери іс-қимылдар тоқтап, жағдай толық қалпына келгенге дейін Таяу Шығыс елдеріне сапарлаудан бас тартуға қатаң түрде кеңес береміз. Өңірде жүрген Қазақстан азаматтарын жеке қауіпсіздік шараларын күшейтуге, қауіпті аудандарға бармауға, жергілікті билік органдарының нұсқаулары мен ұсынымдарын орындауға шақырамыз.

Сондай-ақ министрліктің ресми өкілі Қазақстан Таяу Шығыс елдерінен ұшатын эвакуациялық рейстерде бос орын болған жағдайда, өзге ел азаматтарын да алып кету мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін айтты. Ол үшін көрші елдің азаматтары ең алдымен өздерінің дипломатиялық өкілдіктеріне жүгінуі керек деді. Сонымен бірге министрліктің ресми өкілі Қазақстан Газа секторы аумағына әскери контингент жібермейтінін айтты. Еліміз онда тек гуманитарлық көмек, яғни далалық госпиталі бар медициналық бөлімшелер мен бақылаушыларды жіберу арқылы ғана қолдауға дайын екенін жеткізді.


Бөлісу