Таяу Шығыс елдерінде Қазақстанның 9 мыңға жуық азаматы жүр
Таяу Шығыс елдерінде Қазақстанның 9 мыңға жуық азаматы жүр. Көпшілігі Біріккен Араб Әмірліктері, Қатар мен Сауд Арабияда. Сонымен бірге Израильде 163, Иранда 47 отандасымыз бар. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаевтың айтуынша, шиеленіс аймағында жүрген жерлестеріміздің зардап шеккені, қаза болғаны туралы ақпарат жоқ. Қазір аталған мемлекеттерде дипломаттар тәулік бойы жұмыс істеп жатыр, деді. Қазақстандық туристерді елге эвакуациялау бойынша арнайы үйлестіру штабы құрылғанын жеткізді. Осы уақытқа дейін қарулы қақтығыс болып жатқан жерден 946 азамат қайтарылған. Бүгін-ертең тағы Масқат пен Жидда қаласынан 800-ден астам отандасымыз Алматы, Атырау, Ақтау қаласына ұшып келеді. Эвакуациялау кезінде зейнеткерлерге, балалар мен олардың ата-анасына, жүкті әйелдер мен сырқат адамдарға, кәмелетке толмағандарға басымдық беріледі.
Ерлан Жетібаев, Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
Әуе кеңістігіне қойылған елеулі шектеулерге байланысты белсенді әскери іс-қимылдар тоқтап, жағдай толық қалпына келгенге дейін Таяу Шығыс елдеріне сапарлаудан бас тартуға қатаң түрде кеңес береміз. Өңірде жүрген Қазақстан азаматтарын жеке қауіпсіздік шараларын күшейтуге, қауіпті аудандарға бармауға, жергілікті билік органдарының нұсқаулары мен ұсынымдарын орындауға шақырамыз.
Сондай-ақ министрліктің ресми өкілі Қазақстан Таяу Шығыс елдерінен ұшатын эвакуациялық рейстерде бос орын болған жағдайда өзге ел азаматтарын да алып кету мүмкіндігін қарастыруға дайын екенін айтты. Ол үшін көрші елдің азаматтары ең алдымен өздерінің дипломатиялық өкілдіктеріне жүгінуі керек.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы