Басты Жаңалықтар Жол жүру ережесін ЖИ бақылай бастайды

Жол жүру ережесін ЖИ бақылай бастайды

12 наурыздан бастап көлікте автобелдік тақпаған, қолына ұялы телефон ұстаған жүргізушілерге айыппұл автоматты түрде жіберіледі. Бұл – жасанды интеллекттің көмегімен бақыламақ. Тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес рет-ретімен түсіндіреді.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Көлік рөлінде телефон қолданбаңыз. Қауіпсіздік белдігін тағуды да ұмытпаңыз. Жол жүру ережелерін елемейтіндерді 12-наурыздан бастап жасанды интеллект автоматты түрде анықтап, орталыққа ақпарат жібереді. Жылдамдықты немесе арақашықтықты өлшеуді қажет етпейтін, визуалды тану арқылы анықталатын құқық бұзушылықтар автоматты түрде тіркеледі. Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, мұндай құқық бұзушылықтарға көлік жүргізу кезінде телефон қолдану, қауіпсіздік белдігін тақпау, жарық шамдарын қоспау және маневр жасау талаптарын бұзу жатады. Ведомство хаттаманы қолмен толтырудан бас тартып, процесті цифрлық форматқа көшірмек. Жаңа жүйе камераға түскен көліктің мемлекеттік нөмірін автоматты түрде таниды. Содан кейін сол нөмір арқылы ақпарат бірден арнайы жүйесі арқылы мемлекеттік базалармен салыстырылады. Яғни инспектор жолда тоқтатпай-ақ, жүйе өзі тексереді. Бұдан бөлек кейбір ескертулер енді инспектордың қатысуынсыз, автоматты түрде рәсімделеді. Мәселен кептеліс тудыру, жарық құралдарын дұрыс пайдаланбау және басқа да ұсақ құқық бұзушылықтар цифрлық форматта тіркеледі. Бұрын мұндай жағдайларда хаттама қолмен толтырылатын.
Айта кету керек рөлде отырып телефон қолдансаңыз, я болмаса қауіпсіздік белбеуін тақпасаңыз, 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 21 625 теңге айыппұл төлейсіз.


Бөлісу