Басты Жаңалықтар Қазақстан мен Сербия кәсіпкерлері ауқымды жобаларды бірге жүзеге асыратын болды

Қазақстан мен Сербия кәсіпкерлері ауқымды жобаларды бірге жүзеге асыратын болды

Қазақстан мен Сербия кәсіпкерлері ауқымды жобаларды бірге жүзеге асыратын болды. Астанада өткен жиында кәсіпкерлер байланыс орнатып, келісімдерін құжатпен бекітті. Ал қос елдің үкіметтері олардың барлық бастамаларына қолдау танытатындарын жеткізді. Оңғар Алпысбайұлы тарқатып айтады.

Бұл Қазақстан - Сербия іскерлік кеңесінің алғашқы отырысы. Бизнес өкілдері байланысы бұрыннан бар. Бүгінде Қазақстанда Серб капиталының қатысуымен 40-тан астам компания жұмыс істеп жатса, Сербияда 44 қазақстандық компания тіркелген.

Оңғар Алпысбайұлы, тілші:

2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 100 миллион доллар шамасында болса, былтыр бұл көрсеткіш 108 миллион долларға жуықтаған. Негізгі өсім – Қазақстан экспортының есебінен. Бір жыл ішінде экспорт көлемі 16 миллионнан 28 миллион долларға дейін артты. Бұл – шамамен 80 пайыздық өсім. Қазақстан – Сербия бизнес форумы осы серпінді сақтап, өзара сауданы жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік бермек.

Арман Шаққалиев, ҚР Сауда және интеграция министрі:

Екі ел арасындағы сауда жақсы дамып келе жатқанымен бұл көрсеткішті еселеп өсіруге қауқарымыз бар. Біз ауыл шаруашылығы өнімдері, металл, мұнай химия өнімдері мен тыңайтқыштар сатып отырмыз. Кері бағытта көлік бөлшектері мен дәрі-дәрмек, азық-түлік сатып алып отырмыз.

Серб делегациясы да серіктестікке сенімді. Ортақ жоба көбейеді дейді.

Михайло Весович, Сербияның сауда-өнеркәсіп палатасының халықаралық ынтымақтастық және даму жөніндегі вице-президенті:

Біздің елдеріміз арасында ешқандай түсініспеушілік, шешімі табылмаған мәселелер жоқ. Бұл экономикалық байланысымыздың артуына септігін тигізіп жатыр. Бүгінгі форум бірлескен жобалардың еселеп артуына жол ашатынына сенімдімін.

Кәсіпкер Самат Исабаев 15 жылдан бері медицина құрылғыларын импорттаумен айналысады. Бүгін Сербиядан серіктес іздеп келді.

Самат Исабаев, кәсіпкер:

Екі компания бар екен. Фармацевтикамен айналысатын. Өздері өндіреді. Және Қазақстаннан дистрибютер іздеп жүр. Қандай зат шығарады? Қазақстанға керек пе, жоқ па? Бағасы қандай? Сапасы қандай? Соның бәрін біліп алсам бүгін байланыс ары қарай жалғаса береді ғой.

Негізгі әріптестік агросекторда. Сербияда тұқым селекциясы дамыған. Қазақстанда егілетін жүгерінің басым бөлігі осы елден келеді. Енді жаңа бағыттар қарастырылып жатыр.

Шухрат Әділов, «Atameken Agro Trade» холдингінің төрағасы:

Өніміміздің 80 пайыздан астамын шетелге экспорттаймыз. Негізгі бағытымыз Еуропа, Таяу Шығыс, Солтүстік Африка, Қытай, Орта Азия. Сербиялық әріптестерімізге бірқатар өнімімізді ұсынып көреміз. Ал ол жақта тұқым селекциясы жақсы дамыған. Ауыл шаруашылығы техникасы да бізге қызық болуы мүмкін.

Көлік пен логистика саласы да назарда. Жаңа транзиттік бағыттар ашылады. Орта дәліздің мүмкіндігі кеңейеді.

Мұрат Қарымсақов, ҚР Сыртқы сауда палатасының төрағасы:

Сербия компаниялары тек қана Қазақстанға емес, олар Орталық Азияға, олар біздің Еуразиялық экономикалық Одаққа және Қытай нарығына жұмыс істеуге перспективалары бар. Ал біздің қазақстандық компанияларға Сербия үлкен Еуропаға жолдарды ашады.

Жиын қорытындысы бойынша барлығы 7 құжатқа қол қойылды. Келісім де, қос елдің үкіметі тарапынан қолдау да бар. Енді білек сыбана жұмысқа кірісеміз дейді бизнес өкілдері.


Бөлісу