Басты Жаңалықтар СҚО-да коалиция мүшелері тұрғындармен кездесті

СҚО-да коалиция мүшелері тұрғындармен кездесті

Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бастаған коалиция мүшелері Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындарымен кездесті. Делегация өндіріс орындарын аралап, жұмысшыларға Жаңа Ата заң жобасын түсіндірді. Әділетті қоғам құру қағидаттары және азаматтық белсенділікті арттыру мәселелері талқыланды.

Оқушылар сарайында ұйымдастырылған жиынға ғылым, білім беру, мәдениет және тағы басқа салалардың өкілдері қатысты. 250-ге жуық адам жиналған басқосуда жаңа Конституция жобасының маңызы, әділетті қоғам құру қағидаттары және азаматтық белсенділікті арттыру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар жалпыұлттық коалиция мүшелері электротехникалық зауыт ұжымымен кездесті.

Рамазан Батыров, зауыт жұмысшысы:

Шихтовщикпін, яғни, трансформатор құраушысы. Конституция жобасы әрине, оң өзгеріске әкеліп соғады деген сенімдімін. Қазақстанның логистикалық тұрғыдан және де өндірістік тұрғыдан көптеген жақсы өзгерістерге әкеп соғады.

Делегация  индустриалды креатив орталығына да ат басын бұрып, шығармашыл жастардың жобаларымен танысты. Ғылым саласын дамыту, зияткерлік меншікті қорғау – басым бағыттардың біріне айналмақ.

Ескендір Елеусізов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

Менің білгенім, түйгенім халықтың бір ауыздан осы Конституцияны қолдайтыны. Сондықтан да мен ойлаймын, 15 наурыз күні біздің елдің халқы, Оның ішінде ардагерлер болсын, бір ауыздан келіп, осы референдумда өз дауысымызды білдіреміз, соған мен сенімдімін.

Ал жылыжайда өткен басқосуға 70-тен астам жұмысшы қатысты. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы және отандық өндірісті қолдау бағыттары талқыланды.

Коалиция мүшелерімен кездесуге қатысушылар Қазақстан әділеттілікке негізделген, заң үстемдігі сақталатын және адам құқықтары толық қорғалатын мемлекетке айналатынына сенім білдірді.


 


Бөлісу