Мал ұстаған шаруаның хәлі қалай?
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент мал шаруашылығын дамыту стратегиясын сынға алды. «Елімізде жем-шөп қорын даярлаудан бастап, өнімді өңдеу, жеткізу, сату үдерісі біртұтас жүйе ретінде жолға қойылмаған». Батысқазақстандық шаруалар да Мемлекет басшысының сөзін құптайды. Салада қордаланған мәселе көп. Әріптесім Ардақ Мұратқызы олардың ұсыныс-пікірін тыңдап, қыстан шығатын малдың жайын біліп қайтты.
Қыс қаһары, әсіресе, оңтүстік аудандарға қатты тиіп жатыр. Далада жүрген жылқы малы аштықтан құлап, 100-ге жуығы қырылып қалды. Тебінге шөп жоқ. Шаруалар жазда шабындықты қойып, жайылымдағы қылтанақты да шауып алды. Айдос Айтболатовқа сол жиын-терімнің өзі жетпей жатыр. 15 күндік азық қалған. Енді тек көкке іліксек деп отыр. Жас жігіт Жамбылдан арашан тұқымын әкеліп, оны еділбай қойымен селекциялап, төл алып отыр. Қорада 600 бас асылтұқымды қойы бар.
Айдос Айтболатов, шаруа:
Шөп қоры жетеді деп айта алмаймын. Бірақ сұрастырып жатырмыз көмек боп қалар деп. Қыстан аман шығып кетсек, жақсы болар еді.
Ауыл-аймақта жылқы қолға тұрып қалды. Еркін жайылатын жануар қораға қамалмайтын. Шаруашылық басшысы Нұрболат Әдиетовтің сөзінше, жылда қуаңшылық қысатын климаттық жағдайда төрт түлік түлету оңай емес. Президент сөзін құптайды. Әсіресе, экспортты тоқтатпау керектігін айтады.
Нұрболат Әдиетов, шаруа қожалығының жетекшісі:
Биыл жылқы қысқа арық кірді. Мұның бәрінің артында жайылым жердің жоқтығы, киікке әкеліп тіреледі. Ең бірінші, экспортты тоқтатып тастады. Мал бағасы төмен, жем-шөп қымбат. Бізге, шаруашылыққа кері әсерін тигізіп отыр.
Ал Махамбет Тайғаренов қысқа ерте қамданған. Қазақтың ақбас сиырын көбейтіп отырған шаруа 12 мың тонна шөп, 100 тонна жем дайындаған. Екі жыл бұрын 600 басқа арналған бордақылау кешенін салған. Тәжірибелі маман Президент сөзіне орай өз ұсынысын айтты.
Махамбет Тайғаренов, шаруа қожалығының жетекшісі:
Түрлі программалар шығарады. Бірақ тұрақтылық жоқ. Бір министр қабылдап жатса, келесі келген басшы оны алып тастап, жаңа бағдарлама шығарады. Мысалы, бордақылау жағынан бір кезде 500 басқа субсидия деп, жақсы программа шығып жатқан. Артынша 5 мың бас жасап қойды. Біз уже субсидиядан айырылдық. 5 мың басты екінің бірі ұстай алмайды.
Ал ғалымдар жердің деградацияға ұшырауынан қуаңшылықтың жылдан жылға етек алып бара жатқанын айтады. Әрі ғылым мен шаруашылық екі бөлек кетті. Әркім өз қазанында қайнап жатыр. Өзара байланыс жоқ.
Еркінғали Батырғалиев, Агротехникалық университеттің сынау орталығының зертхана меңгерушісі:
Субсидия шаруашылыққа процесске беріледі, нәтижеге емес. Қазақстанда ақша да бар, ғылым да бар, нәтиже де бар, көмек те бар. Бірақ та жүйе жоқ. Ғалымдар бір нәрсе жасайды, бірақ оны өндіріске енгізе алмайды. Себебі өндірістің көбі жекеде. Сосын оны мемлекетпен, ғылыми орталықтармен байланыстыратын тетік жоқ.
Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында мал шаруашылығын дамыту стратегиясын сынға алды. Елімізде жем-шөп қорын даярлаудан бастап, өнімді өңдеу, жеткізу, сату үдерісі біртұтас жүйе ретінде жолға қойылмағанын айтты.
Индира Алагөзова, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мал азығын дамыту басқармасының басшысы:
Бірқатар индекативті көрсеткіштер артығымен орындалса, қалған облыстарда мал азығы толығымен дайындалды. Және бұл сұрақ ауыл шаруашылығы министрлігінің тұрақты бақылауында.
Алайда зор әлеуетіміз бола тұра, экономикадағы мал шаруашылығының үлесі небәрі 4 пайыз деңгейінде қалып отыр. Стратегиялық саланың іркіліссіз дамуы үшін президент айтқан түйіткілдер уақыт озбай шешімін табуы тиіс.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы