Басты Жаңалықтар Колледж студенттері суды үнемдеу технологияларын пайдалана бастады

Колледж студенттері суды үнемдеу технологияларын пайдалана бастады

Колледж студенттері су үнемдеу технологияларын пайдалана бастады. Мәселен, Астанадағы технологиялық колледжде наубайшылар қамыр илегенде судың орнына табиғи жеміс-жидек шырынын қосады. Ал қолөнер шеберлері киізді жумай, нүктелі ылғалдандыруға көшкен. Өзге де жаңа тәсілдер туралы Ақниет Балтанованың бейнематериалында.

Ақниет Балтанова, тілші:

Кәсіптік білім беретін колледждер суды үнемдеу технологиясына көшіп жатыр. Мәселен, менің қолымдағы мынау бояу жай бояу емес, акрилді бояу. Баяғыша қылқаламды суға малып, артық шығын жасаудың қажеті жоқ. Ал боялған мата өзінің түрі мен түсін жоғалтпай, сақтайды. Дәл осындай жаңа әдіс студенттердің уақытын да үнемдеп жатыр.

Тегіншілер пайдалана бастаған екінші әдіс – бу үтігі. Бұрындары бір студент 1 киім тігу үшін 10 литр суға матаны салып, буландырған. Ал қазір бу үтігінің арқасында 7 литр су 20 шақты студентке 2 күнге жетеді. «Бастысы қауіпсіздік шараларын сақтау», - дейді шеберлер.

Ұлжан Сәрсенова, «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығы бойынша өндірістік оқыту шебері:

Бұрында матаны пішпестен бұрын декодирование деген бар. Матаны суға салып, бірінші ылғалдандырып аламыз. Ол матаны киімді тігіп болғаннан кейін, отырудан сақтайды.

Ал қолөнер шеберлері киіз басу кезінде пайдаланатын суды азайтып, нүктелі ылғалдандыруға әдісіне көшкен. Бұл технологияның көмегімен киізде жағымсыз иіс қалмайды. 

Бұлбұл Кәпқызы, Этнограф, «Көркем өнер бұйымдарын дайындаушы» шебер:

Киізге суға сабынды қосып аламызда бұрынғыдай шелектеп құйып жібермейміз. Шашу арқылы, шылау арқылы тамшылатып киіздін үстіне ен бірінші тартып аламызда шиге, шиге тартқаннан кейін оның үстіне суды шылап сабынды сумен сылаған кезде ол тез барады. Жүніміз таза болады, киізіміз таза болады, малдың шуаш иісі шықпайды ол жерде.

Технологиялық колледждегі «Шаштараз» мамандығын оқытататын кабинеттерге суды үнемдейтін крандар қойылған. Яғни шаш жуғанда су сарылдап ақпайды. Ал оны кептіру кезінде жууды қажет ететін сүлгілер емес, бір реттік орамалдар пайдаланылады.

Аспаздардың тың әдісі тіптен қызық. Олар қамырды су қосып илемейді, жеміс-жидек шырынымен дайындайды. Осылайша суды үнемдеп қана қоймай, денсаулыққа пайдалы әрі нәрлі, ерекше дәмі бар эконандар пісіреді. 

Жанар Жұмабаева, «Нан пісіру, кондитер және макарон өндірісі »мамандығының өндірістік оқыту шебері:

Бұрын осы нан жасауда біз 1 келі ұнға 600 гр су қолданатынбыз. Қазір судың орнына шырын қолданамыз. Бұл бірінші тұрғанымыз асқабақ шырынынан жасалған нан, екінші – қызыл қызылшаның шырынынан жасалған. Үшіншісі-шпинат, одан кейін сұлы қосылған қара нан. Бұл нандардың бәрі бізде табиғи ашытқымен жасалады.

Бұл тәсілдерді студенттер әбден меңгеріп алған. «Тіпті колледж қабырғасынан тыс жерде де дәл осылай үнемдеу әдетке айналды» дейді.

Суды аз ғана үнемдегеннен не өзгереді деуіңіз мүмкін. Бірақ бәріміз білеміз, теңіз тамшыдан құралады. Бұл экологиялық тәсілдер колледждердің өндірістік шығынын азайтады. Суды үнемдеу технологиялары енді кәсіптік білімнің ажырамас бөлігіне айналмақ.

Бөлісу