Елде бір адам жылына орташа есеппен 26 киім сатып алады
Ескі киімдеріңізді қоқысқа тастамаңыз! Елде көне көйлек-көншікті қайта өңдейтін орындар көп. Тек Астанада 150 қабылдау пункті орнатылған. Қандай киімдерді алады? Қалай тапсыруға болады?
Жанел Нұрболатқызы, тілші:
Әлемде жылына 150 млрд тонна киім шығарылады. Аналитиктердің дерегінше, біздің елде бір жылда шамамен 500 млн данасы сатылады. Демек, бір адам орташа есеппен 26 киім алады.
Ал қоқысқа тасталатыны одан да көп. Сарапшылардың есебінше, жыл сайын полигоннан 120 мың тонна киім табылады. Бұл 6 мыңдай жүк көлігі. Киім өндірісі зиянды қалдықты толтырғаннан бөлек, суды да литрлеп ысырап қылады. Эколог Айдана Қыдырова осы тақырыпта бірнеше ғылыми жұмыс жазған.
Айдана Қыдырова, эколог:
Қазіргі кезде шопогализм қатты дамып кетті. Адамдар оның ар жағын білмейді. Бір футболканы тігуге 1000 литрден астам су кетеді. Дүниежүзіндегі мұхиттың бір пайызы ғана ішуге жарамды. Соның өзінде адамдар оны киім өндірісіне пайдаланады және де оны мақта өндірісі кезінде де қолданады.
Киімге құмарлықтың салдарын әбден зерделеген маман жаңа көйлек-көншікті өзі де барынша аз киеді екен. Биыл әзірге біреуін де сатып алмай, тек секонд-хэндтен сауда жасаған. «Бастысы – экологияға зияны жоқ. Сосын қымбат емес» дейді. Жаңа киім алғанның өзінде ол ескіргесін қайта өңдеуге тапсырады. Экологтан соның жолын біліп, өткізетін жерге бардым.
Жанел Нұрболатқызы, тілші:
Міне, ескі киімдерімді қоқысқа тастамай, қазір арнайы қоймаға тапсырамын. Қандай көйлек-көншік қабылдайды, талабы, сұрыптау жағы қалай сұрап білейік.
Қоймаға кірген бетте қапшық-қапшық боп үйілген ескі киімдерге көз түсті. Сәл ілгері жүріп, сұрыптау бөлмесіне өттік. Ересектердің, балалардың киімдерін түр-түсіне қарай бөлек-бөлек жинап жатыр. Мұның 90 пайызын жетімдер үйіне апарады, қалған 10 пайызын секонд-хэндте саудалайды. Қойманың иесі Дәулет Керейбаевтың сөзінше, астаналықтар күніне 3 тонна ескі киім жібереді.
Дәулет Керейбаев, кәсіпкер:
Киім таза, жыртық емес болуы керек. Сіздің киіміңіз өте жақсы, жуылған. Иә, мұны аламыз. Қайырымдылық дүкендері қала бойынша екеу. Бағалары 100-5000 теңге аралығында.. Одан аспайды.
Иә, секонд-хэндте арзан киім көп. Бірақ, қымбат, сапалы көйлек-көншек жоқ деуге болмайды. Түрі мен түсі, әрі мен сәні келіскен бұл шапанның ескі матадан жасалғанына сену қиын. Бағасы 80 мың теңге. Ал бұл оюлы бешпент ескі джинсыдан тігілген.
Мұның бәрі ерлі-зайыпты Имбергеновтердің қолынан шыққан. Екеуі де дизайнер әрі экобелсенді. Кәсібі мен өмірлік ұстанымын қатар алып жүрген жұп жуырда топтамасын халықаралық сән апталығында көрсетті.
Татьяна Имбергенова, дизайнер:
Киімнің экологияға зиянын білсеңіздер ғой. Зардабы жиі сөз болатын пластиктен асып түседі! Соны білгесін, жаңа матадан киім тігуге қолым бармайды. Ескіден де осындай әдемі киім тігуге болады. Сұраныс аз емес. Айына кемі 70 данасын сатамыз.
Жанел Нұрболатқызы, тілші:
Экологияға жаны ашитын, киімді саналы түрде алатындардың сөресі қандай болады? Жасанды интеллект осылай деп есептейді. Ал сюжеттің басында айтқанымдай, гардеробқа жылына 26 көйлек-көншік қосса, осындай болады.
Эколог қоршаған ортаға зиян тигізбеу үшін жылына 10 жаңа киім алған дұрыс дейді. Ескісін қайта өңдеу үшін арнайы постоматтарға салып кетуге болады. Мұндай құрылғылар барлық дерлік қалада бар. Сонда сөреңіздің сәні кіреді, табиғатқа да зиян келмейді.
Автор
Жанел Нұрболатқызы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
Жаңа Конституция жобасында барлық саланың даму жолы қамтылған
23.02.2026, 20:17
Отбасының беріктігі – мемлекеттің тұтастығы
23.02.2026, 20:17
Саяси реформалар басқару жүйесін жетілдіре түседі
23.02.2026, 20:17
Мексикада есірткі картелі жетекшісінің қазасы тәртіпсіздіктерге түрткі болды
23.02.2026, 20:15
Пәкістан әуе күштерінің соққысынан ондаған адам қаза тапты
23.02.2026, 20:14
Қостанайды мектеп ұжымына жаңа Ата Заң жобасы түсіндірілді
23.02.2026, 20:14
Мал ұстаған шаруаның хәлі қалай?
23.02.2026, 20:13
Сенат депутаттары тұрғындармен кездесті
23.02.2026, 20:13