Отарда сарбаз соққыға жығылып, жағы сынғаннан кейін Қорғаныс министрлігі «әскери бөлім командирі, оның тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, батальон командирі және рота командирі қызметтерінен босатылды» деп хабар таратты.
«Гвардейск гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді қызмет сарбазына дене жарақатын келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қажетті тергеу амалдары жүргізілуде», – дейді Қорғаныс министрлігі.
Бұл оқиғаны зерделеп қарасақ, гарнизон оқиғаны жасырып баққан. Жария болған соң жауынгерлердің өзара кикілжіңі дегенге келтіруге тырысып жатыр. Ең жаманы – сарбаздың жағы сынып, тән жарақатын алғаны аздай, жаны жараланып, сағы сынды. Оны бір пәтерге қамап, ашқұрсақ ұстаған...
Армияда бейбіт күнде сарбаздың қаза табуы, мүгедек болып қалуы әлі жалғасып келе жатқан жексұрын жағдай. Мұның жүйелік мәселе екенін мойындап, нөлге апармаса болмайтынын білмейді емес, біледі. Бірақ әйтеуір шешілмей-ақ қойды.