Бейбітшілік кеңесі: Қазақстан Газаға қандай көмек береді?
Данияр Қайыртай, тілші:
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кейінгі алты ай ішінде төртінші рет кездесіп отырған Дональд Трамп Қазақстанды жақсы жағынан танып қалған сияқты. Бейбітшілік кеңесіне мүше болып кірген елдердің басшыларын таныстырып жатып, Қазақстанды «ғажап әрі бай мемлекет» деп сипаттады. Сөйтіп Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғашқы жиынға қатысып отырғаны үшін алғысын білдірді. Тура бір ай бұрын Мемлекет басшысы осы Бейбітшілік кеңесінің жарғысына қол қою үшін Швейцарияның Давос қаласына барған болатын. Онда да мемлекеттер басшылары жылы ұшырап кездескен видеосы кеңінен тараған еді.Енді негізгі сұрағыңызға келейін. Президент Тоқаев Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысындағы сөзінде Қазақстан Газа секторын қалпына келтіру жұмыстарына атсалысуға әзір екенін жеткізді. Яғни үйлер, мектептер, ауруханалар және басқа да маңызды әлеуметтік нысандарды салуға болатынын айтты. Әрі Газа мен одан тысқары жерлерді астықпен қамтамасыз етуге әзірміз деді. Гуманитарлық көмек мұнымен шектелмек емес. Палестиналық студенттерге бес жыл бойы 500-ден аса оқу грантын бөлу жоспарланып отырғанын айтты. Бұдан бөлек, елдің сыртқы саясаттағы ұстанымына сай, қарулы қақтығысқа шығатын миссия емес, соларға қолдау көрсететін топ жөнелтуге әзірлік барын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан Халықаралық тұрақтандыру күштерін қолдауға әзір. Яғни далалық госпиталь құру үшін бір топ медицина маманын, сондай-ақ Азаматтық-әскери үйлестіру орталығына бақылаушылар жіберуге даяр.
Данияр Қайыртай, тілші:
Өзі Халықаралық тұрақтандыру күштеріне контингент жіберуге бізден бөлек Марокко, Албания, Косово және Индонезия ниет білдірген. Соңғы аталған ел 5 мыңнан 8 мыңға дейін әскери қызметкер аттандырамыз деп нақтырақ мәлімет келтіріпті. Ал The Guardian дерегінше, Трамп әкімшілігі Газа секторының оңтүстігінде Халықаралық тұрақтандыру күштерінің 5 мың жауынгерін орналастыратын база салуды жоспарлап отырған көрінеді.
Айнұр Тұқымова, Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты халықаралық қауіпсіздік бөлімінің сарапшысы:
Біз ешқандай да бір тарапқа қосылмаймыз, ешқандай тараптың мүдделерін алға жылжытпаймыз. Біз тек осы мәселені ушықтырмауға қатысты гуманитарлық көмек көрсету саясатын ары қарай жалғастырамыз. Ол тек Газаға қатысты емес. Бұған дейін де біз көптеген бастамаларды жүзеге асырдық. Мысалы, Сирияға бейбітшілік күштерін жібердік.
Данияр Қайыртай, тілші:
Мемлекет басшысы Қазақстан Таяу Шығыста бейбітшілік пен ынтымақтастықты нығайту мақсатында Ибраһим келісімдеріне қосылғанын да атап өтті.Естеріңізде болса, Президент қараша айында АҚШ басшысымен Ақ үйде кездескенінде осы құжатқа қол қоятынын жариялаған еді. Осылайша Қазақстан Трамптың екінші президенттік мерзімінде Ибраһим келісіміне қосылған алғашқы мемлекет болды. Бұл тұста түсіндіре кетуім керек шығар, Израиль мен мұсылман әлемі арасындағы қарым-қатынасты реттеу амалы ретінде әзірленген құжат Дональд Трамптың бірінші президенттік мерзімінің маңызды жетістігі саналады. Ақ үйге Қазақстанның бұл шешімі майдай жағатыны сондықтан. Ибраһим келісіміне қосылуымыз стратегиялық таңдау ғана емес, дипломатиялық ишара да екені ылғи айтылады.Соған ұқсас ілтипатты Қ.Тоқаев осы жолғы жиында да білдірді. Ол Бейбітшілік кеңесі аясында Президент Трамп атындағы арнайы марапат бекітуді ұсынды. «Бұл – оның бейбітшілікті ілгерілету ісіндегі ғаламат жетістіктеріне көрсеткен құрметіміз болмақ» деп сөзін қуаттай түсті. Бейбітшілік аталымы бойынша Нобель сыйлығын ала алмай қалған Трампқа мұндай ұсыныс ұнаған шығар. Айтпақшы, осы жиынның өзі Вашингтондағы Дональд Трамп атындағы бейбітшілік институтының ғимаратында өткен еді. Кезінде Рональд Рейган ашқан АҚШ Бейбітшілік институтының атауы желтоқсанда, яғни екі-ақ ай бұрын осылай өзгертіліпті.Жиын қорытындысында Трамп өзі құрған Бейбітшілік кеңесінің қажеттеліктеріне деп 10 млрд доллар бөлетінін уәде етті. Әрі ұйымның тағы 9 мүшесі Газаға көмекке 7 млрд доллар жинап беретінін жариялады.
Данияр Қайыртай, тілші:
Негізі Бейбітшілік кеңесін құру әуел баста Газа секторындағы мәселелерді шешу үшін ұсынылған. Бастамашы – Ақ үй қожайыны Трамптың өзі. Мұны Біріккен ұлттар ұйымының Қауіпсіздік кеңесі былтыр қарашада 2803 қарарымен мақұлдап берген еді. Сөйтіп биылғы 22 қаңтарда Давоста Бейбітшілік кеңесінің жарғысына қол қойылды да, халықаралық ұйым ретінде жұмысын бастап кетті. Кейін әлемдік медиа да, сарапшылар да ұйымның жарғысы Газаны қалпына келтіру мәселесінің аясынан асып кеткенін айтып та, жазып та жатты. Тіпті Трамптың Бейбітшілік кеңесі БҰҰ-ның өзіне қауіп төндіруі мүмкін деген пікірлер бар. Оны АҚШ президентінің әлем елдерінің көшбасшыларына жіберген ұйымғақосылуға шақырған хатынан аңғаруға болатын сияқты.Онда «Бейбітшілік кеңесі Таяу Шығыстағы ынтымақтастықты нығайтуды ғана емес, жаһандық қақтығыстарды да шешуге батыл жаңа тәсіл қолдануды көздейтін тағдыршешті әрі ұлы бастама» делінген. Ал жарғысында әлемге «өз міндеттерін толық атқара алмай жүрген құрылымдарға балама болатын икемді әрі тиімді халықаралық бітімгерлік орган» қажеттігі туралы сөздер бар. Десе де, АҚШ президенті Бейбітшілік кеңесі БҰҰ-мен бірлесіп жұмыс істейтінін, орнын басуға талпынбайтынын айтудан танған емес. Сөйте тұра, осы ұйым құрылар қарсаңында Трамп әкімшілігі БҰҰ-на қарасты 31 ұйымнан шығуды көздейтін құжатқа қол қойып үлгерген еді.Яғни ол бірлестіктер ең ірі жарна төлеуші донорынан айрылды деген сөз. Айтпақшы, жарғы бойынша, Дональд Трамп Бейбітшілік кеңесіне тіпті АҚШ президенті лауазымынан кетсе де, яғни өмір бойы төрағалық етеді.Ұйымға қазір 27 мемлекет мүше. Еуропа елдерінің көбі Кеңес қатарына қосылудан бас тартты. Бірақ осы аптадағы алғашқы отырысқа бақылаушы ретінде қатысты.
Данияр Қайыртай, тілші:
Президент The National Interest журналына жарияланған материалында әлемдік тәртіп қазір «прагматизм мен реализмге зәру» екенін жазған.Мұны Мюнхенде өткен конференцияда батыс көшбасшылары да мойындағанын «салмақты ойларының астарынан аңғардым» депті. Онда «ұлттық мүдделерді елемеуге болмайды», «идеологиялық догма арқылы тұрақтылыққа қол жеткізе алмайсың», «егемендікті қолайсыздық ретінде қарастырған дұрыс емес» деген тұжырымдар айтылғанын меңзеп отыр, президент.Осы пайымын қуаттай түсу үшін одан ары қарай «Жаңадан қалыптасып келе жатқан доктрина барынша түсінікті: тәртіп заң үстемдігіне, жауапкершілікке, түсінікті міндеттемелерге және мәдени әрі ұлттық бірегейлікті құрметтеуге негізделуге тиіс. Бұл – оқшаулану емес. Бұл – саяси кемелдік» деп жаңа халықаралық тәртіптің нақты формуласын жазыпты. Бірақ бұл – ынтымақтастықтан бас тартуды білдірмесе керек. Тек «әлем иллюзиядан шаршағаны» айтылған мақалада. «Сенімділік – жаңа күш» деген айдар тағылған соң, материалдың соңына қарай сол жаңа күшке қалай ие болуға болатынын да тәптіштеп жазып шыққан.«Міндеттемелерін бұлжытпай орындайтын, ашық әрекет ететін және нақты ынтымақтастыққа ұмтылатын елдер ғана берік сенім қалыптастырады» деп тұжырымдайды. Себебі «қазіргі халықаралық ортада сенім сөзбен емес, жүйелі іс пен жауапкершілік арқылы айқындалады»деген ой түйіні бар. Айта кетейін, мақала жарияланған The National Interest журналы – 1985 жылдан бері шығатын халықаралық қатынастарға маманданған америкалық басылым. Онда қауіпсіздік пен сыртқы саясатқа қатысты сараптамалар жарияланады.
Данияр Қайыртай, тілші:
АҚШ-қа сапар, әдеттегідей, ірі бизнес өкілдерімен тікелей келіссөз өткізуге мүмкіндік беретінімен де құнды.Иә, Boeing компаниясының атқарушы вице-президенті Джефф Шоккимен өткен кездесуден соң екі ел арасында тікелей ұшатын рейс әйтеуір ашылатыны мәлім болды. Арақашықтықты еңсере алатын Boeing 787 Dreamliner-лері осы жылдың соңына дейін жеткізіледі деген жоспар жарияланды. Бірақ тіке рейс ұшақ әкеліне сала ашыла ма, әлде келер жылдың басына қала ма – әзірге белгісіз. Естеріңізге сала кетейін, Air Astana мен Boeing президенттің қараша айындағы сапарында 15 лайнер сатып алу жөніндегі келісімге қол қойған еді. Ол құжат 2022 жылы дәл сондай модельдегі 3 дримлайнер сатып аламыз деп келіскен тапсырысты толықтырды. Осылайша келісімшартта қамтылған 18 ұшақтың жалпы құны 7 млрд долларға бағаланған еді. Осы жолғы кездесуден кейін таратылған ақпараттан SCAT әуе компаниясы да қосымша Boeing ұшақтарын сатып алатыны мәлім болды. Сондай-ақ Шымкент әуежайында алғашқы техникалық қызмет көрсету және жөндеу орталығын ашу мүмкіндігі талқыланыпты. Әрі жүк тасымалдайтын ұшақтар сатып алу жайы да сөз болған. Бұл да – әуемен жүк тасымалдау нарығында Еуразияның хабы болуды мақсат еткен еліміз үшін маңызды келісімшарт болар еді. Жақында өткен Ұлттық құрылтай отырысында президент жүкті ұшақпен таси алмай отырғанымызды «нағыз абсурд» деп бағалағаны естеріңізде шығар.Ал Ashmore Group компаниясының бас директорымен Қазақстанда халықаралық клиника салу жоспары талқыланды. Бәрімізге шоколад батондарымен танымал Mars компаниясы болса, 180 млн долларға Алатау қаласында мал азығын өндіретін зауыт салатын болды.
Автор
Данияр Қайыртай
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
Алматыдағы Ұлттық орталық музейде «Алтын Орда» көрмесі ашылды
22.02.2026, 20:12
Отарда сарбаздың жағын сындырғандарға қатысты қылмыстық іс қозғалды
22.02.2026, 20:07
Мүгедектікті рәсімдеуде қандай кедергілер бар?
22.02.2026, 20:06
Жылу ақысы қымбаттады ма?
22.02.2026, 20:02
Экология мәселесі: Заң жаңарғанымен ауа тазара ма?
22.02.2026, 20:00
Жаңа Конституция жобасы құқық пен жауапкершілікке негізделген
21.02.2026, 20:57
Алматыдағы Ұлттық орталық музейде «Алтын Орда» экспозициялық залы ашылды
21.02.2026, 20:09
Жаңа Конституция жобасы жайлы сербиялық журналистер жазып жатыр
21.02.2026, 20:07