Басты Жаңалықтар Брюссельде шетелдіктер қазақ тілін үйреніп жүр

Брюссельде шетелдіктер қазақ тілін үйреніп жүр

Бельгияда қазақ тіліне сұраныс күннен-күнге артып келеді. Қазақша хат танып қана қоймай, бай тілді терең зерттегісі келетіндердің қазір қарасы мол. Көпшіліктің ынта-ықыласын ескеріп, еліміздің Бельгиядағы елшілігі алты ай бұрын қазақ мәдени орталығын ашқан. Сол орталықта қазір қазақстандық балғындар мен шетелдіктер қазақ тілін үйреніп жүр. 

Бұл - Брюссельдегі ағылшын, француз мектептерінде оқитын қазақстандық балғындар. Ата-анасының жұмыс бабымен осында қоныс аударған балақайлар өз тілін ұмытпас үшін әр жексенбі ана тілі сабағына қатысады. Бельгиялық Марк екі қызымен осы орталықта қазақша үйреніп жүр. 

Марк Дебюк, Брюссель қаласының тұрғыны:

Менің жұбайым қазақ болғандықтан, оның отбасы мүшелерімен, ел халқымен қазақша сөйлескім келеді. Қазақ тілін білу мен үшін өте маңызды. Тілді білсең, елдің тыныс-тіршілігін, мәдениетін жақынырақ танисың.

Қазақтың мәдениеті мен тарихына терең бойлағысы келетіндердің бірі - Людовик Гонтан. Француз жігіті қазақ тілі курсына қатысқан екі ай ішінде әжептәуір тіл сындырған. Брюссельде оқитын астаналық жастармен достасып, өзара қазақша сөйлесуге тырысып жүр.

Людовик Гонтан, Франция азаматы:

Танысқаныма қуаныштымын. Мен Францияданмын. Жасым 28-де. Мен ет, ши бауырсақты және Қазақстанды жақсы көремін.

Димаштың Бельгиядағы жанкүйерлері де сабақтан қалмайды. Кумирлерімен сырласу үшін қазақшаны еркін меңгерсек дейді. Бельгиялықтар асырап алған қазақстандық балғындар да өз ана-тілін, салт-дәстүрін терең білуге құштар. 

Хакім Абайдың өмірі, шығармашылығымен танысқан шетелдіктер ақынның тілінде еркін сөйлеуді армандайды. Брюссельдегі қазақ тілі курсын сапалы ұйымдастыруға Абай институты қолдау көрсетіп отыр.

Нұржан Айтмаханов, Қазақ тілі курсының оқытушысы, ҚР  Бельгиядағы елшілігінің кеңесшісі:

Абай институты бізді тәсілдік кітаптармен қамтамасыз етеді және Абай институты бізге сабақты жүргізу бойынша үш күндік тренингтер өткізді. Осы тренингтің барысында Қазақстанның мықты мамандары бізге шетелдік оқушыларға қазақ тілін үйретудің амал-тәсілдерін үйретті.

Балалар, ересектер деп екі топқа бөлінген тіл курсында қазір жиырмадан астам адам оқып жүр. Қазақтың тілін үйреніп, тарихы мен мәдениетіне қаныққан еуропалықтар енді ұлттық аспаптарда еркін ойнасақ дейді. Сол үшін Елшілік жанындағы мәдени орталықтың еріктілері домбыра үйірмесін қолға алды.

Бөлісу