Басты Жаңалықтар Елде ЖРВИ-мен сырқаттану деңгейі 13%-ға азайды

Елде ЖРВИ-мен сырқаттану деңгейі 13%-ға азайды

Ел ішінде жіті респираторлық-вирустық инфекцияға шалдығу көрсеткіші биыл 13 пайызға төмендеген. Салыстырмалы түрде алсақ өткен жылдары вирустық маусымдарда ЖРВИ жұқтырған 4-5 млн, ал тұмауға шалдыққан 2 мыңдай азамат тіркелген. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мамандарының айтуынша, жыл басынан бері 3 027 адам тұмауға шалдыққан. Қазірге дейін тұмауға қарсы 2,2 миллионнан астам адам екпе алған. Бұл – халықтың шамамен 11%-ы. Тағы бір айта кететін жайт, қызылша жұқтыру дерегі.

Сархат Бейсенова, ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы:

Биыл жағдай толық тұрақталған жоқ. Ағымдағы жыл басталғалы бері, еліміз бойынша қызылшаның 3 343 жағдайы тіркелді. Сырқаттанушылықтың 78 пайызы екпе алмағандар арасында тіркелді. Екпе алмай ауырғандардың 56 пайызы екпеден бас тартқандар, 14 пайызы медициналық себептермен кейінге қалдырылғандар. 30 пайызы егу жасына жетпеген адамдар.

Екпе алмаған балалар уақытша сабақтан шеттетіледі

Эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер қаулы қабылдады. Құжатқа сәйкес: 6-10 айлық сәбилерге қосымша иммундау жүргізіледі. Екпе алмаған 18 жасқа дейінгі балаларға вакцина салынады.  Балаларды жоспарлы стационарға жатқызу талаптары күшейтілді. Өңірлерде күнделікті мониторинг жүргізіліп, әрбір жағдай бойынша эпидемиологиялық тексеру жасалады. Білім беру ұйымдарында екпе қамту деңгейі кемінде 90% болуы тиіс. Қызылша тіркелген жағдайда екпе алмаған балалар мектептер мен балабақшалардан уақытша шеттетіледі, ал ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстары күшейтіледі.

Бөлісу