Қазақстан – АҚШ коммерциялық байланысы рекорд жаңартты
Қазақстан мен АҚШ-тың коммерциялық ынтымақтастығы 2025 жылы рекордтық көрсеткішке жетті. Былтырғы 4-тоқсанының өзінде екі елдің компаниялары 17 млрд долларға келісім жасаған. Бұл туралы Үкіметте өткен инвестициялық кеңес отырысында айтылды. Премьер-министр төрағалығымен «С5+1» форматы шеңберінде Мемлекеттердің басшылары қол жеткізген уағдаластықтарды іске асыру мәселелері талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр Вашингтонға сапары нақты жобаларға айналып жатыр. Мәселен, John Deere компаниясының Түркістан облысындағы зауытында көкөніс шаруашылығына арналған жаңа техника түрлері шығарылмақ. Ал Ситибанк Қазақстан басшысы US EXIM кепілдігімен елімізге қаржы тартылғанын айтты. Ол теміржол, авиация және аэронавигация инфрақұрылымын жаңғыртуға жұмсалады. Олжас Бектенов халықаралық әріптестермен ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және қолайлы инвестициялық ахуал құруға бейілді екенін атап өтті. Сонымен қатар Вашингтонда өткен Бейбітшілік кеңесінің алғашқы отырысының ерекшелігіне назар аударылды. Бұдан бөлек Үкімет басшысы инвесторларға конституциялық реформаның маңызын атап өтті.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Қазақстан маңызды саяси кезеңнен өтуде. 15 наурызда өтетін жалпыхалықтық референдумда азаматтар жаңа Конституцияның жобасы бойынша дауыс береді. Жаңа Конституция Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әділетті әрі Қуатты Қазақстан құруға бағытталған ауқымды саяси реформаларын айқын көрсетеді. Үкіметтің негізгі міндеті – еліміздің орнықты экономикалық өсуін қамтамасыз ету арқылы азаматтардың табысын арттыру және өмір сүру сапасын жақсарту. Осы мақсатқа жету үшін жаңа инвестициялық циклді толыққанды іске қосуға бағытталған кешенді шаралар жүзеге асырылуда.
Джули М. Стаффт, АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі:
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Вашингтонда жаһандық аренада сөйлеген сөзі әсерлі болды. Біз бүгінгі таңда жоғары деңгейде орныққан екіжақты қарым-қатынастарымыздың одан әрі кеңеюін күтеміз. Коммерциялық ынтымақтастығымыз 2025 жылы рекордтық көрсеткішке жетті. Тек 2025 жылдың 4-тоқсанының өзінде қазақстандық және америкалық компаниялар арасындағы мәмілелер көлемі 17 млрд долларға жетті. Бұл нәтижелер біздің көзқарасымыздың бір екенін және екі елдің экономикалық өсімін көрсетеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы