Басты Жаңалықтар ЖРВИ-мен сырқаттану көрсеткіші 13%-ға азайды

ЖРВИ-мен сырқаттану көрсеткіші 13%-ға азайды

Қазақстанда азаматтардың жіті респираторлық-вирустық инфекцияға шалдығу көрсеткіші биыл 13 пайызға төмендеген. Салыстырмалы түрде алсақ өткен жылдары вирустық маусымдарда ЖРВИ жұқтырған 4-5 млн, ал тұмауға шалдыққан 2 мыңдай азамат тіркелген. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мамандарының айтуынша, жыл басынан бері 3 027 адам тұмауға шалдыққан. Қазірге дейін Қазақстан бойынша тұмауға қарсы 2,2 миллионнан астам адам екпе алған. Бұл – халықтың шамамен 11%-ы. Тағы бір айта кететін жайт, елімізде қызылша жұқтыру көрсеткіші де төмендеп келеді.

Сархат Бейсенова, ДСМ санэпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы:
Елімізде қызылшамен сырқаттанушылық 2024 жылмен салыстырғанда 2025 жылы 6,8 есе төмендеді. Алайда биыл жағдай толық тұрақталған жоқ. Ағымдағы жыл басталғалы бері еліміз бойынша қызылшаның 3343 жағдайы тіркелді. Сырқаттанушылықтың 78 пайызы екпе алмағандар арасында тіркелді. Екпе алмай ауырғандардың 56 пайызы екпеден бас тартқандар, 14 пайызы медициналық себептермен кейінге қалдырылғандар. 30 пайызы егу жасына жетпеген адамдар.

Эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру үшін Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер қаулы қабылдады. Құжатқа сәйкес: 6-10 айлық сәбилерге қосымша иммундау жүргізіледі, яғни вакцина салынады. 2–5 және 7–18 жас аралығындағы егілмеген балаларға қалпына келтіру екпе егіледі, 30 жасқа дейінгі екпе алмаған немесе мәртебесі белгісіз медицина қызметкерлері де қамтылады. Балаларды жоспарлы стационарға жатқызу талаптары күшейтілді. Өңірлерде күнделікті мониторинг жүргізіліп, әрбір жағдай бойынша эпидемиологиялық тексеру жасалады. Білім беру ұйымдарында екпе қамту деңгейі кемінде 90% болуы тиіс. Қызылша тіркелген жағдайда екпе алмаған балалар уақытша шеттетіледі, ал ата-аналар арасында түсіндіру жұмыстары күшейтіледі.


Бөлісу