Басты Жаңалықтар Импорт көлемін азайтуға арналған бағыттар айқындалды

Импорт көлемін азайтуға арналған бағыттар айқындалды

Қазақстанда импортқа тәуелділікті азайту үшін нақты жоспар дайындалып жатыр. Сондай-ақ биыл экспортқа шығарылатын тауарлар тізімі жарияланды. Бүгін Үкімет отырысында экономиканы әртараптандырудың тың тәсілдері қаралды. Отырыста «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі 45 млрд теңгенің инвестициялық жобаларын екінші деңгейлі банктерге беретіні айтылды. Бұл нені аңғартады? Экономикаға әсері қандай болмақ? 
Импорт көлемін азайтуға арналған бағыттар айқындалды
Үкімет импорт көлемін азайту үшін нақты жоспар дайындап жатыр. Ол үшін дамытуды талап ететін 36 бағыт айқындалды. Дәлірек айтсақ, ет, сүт, құс еті, астық, қант, жеміс-көкөніс және балық өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу, жылыжай кешендерін дамыту, көкөніс сақтау инфрақұрылымы мен ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу салаларына ден қойылмақ.
Одан бөлек, азық-түлікке жатпайтын жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары, тұрмыстық техника, химия сынды 24 бағыт бойынша өндіріс көлемін арттыру көзделіп отыр. Жалпы, нақты секторға шамамен 8 трлн теңге көлемінде жан-жақты қолдау көрсетіледі. Мақсат - ел ішінде өндірісті күшейтіп, сырттан келетін тауарға тәуелділікті азайту. Ең бастысы, қазір бізге экономикалық өсім керек, деді Премьер-министр.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

Экономиканы әртараптандыру және өсім жоспарларын орындау үшін өндірістік қуаттарды арттырып, шикізаттық емес секторды терең өңдеуді дамытатын нақты іс-шаралар қажет. Аталған шаралар сыртқы факторлардың әсеріне қарамастан экономиканың тұрақтылығын күшейтіп, экспорттық әлеуетін арттырады.
Қазақстан дайын тамақ өнімдерін экспортқа шығарады
Қазақстан сыртқа дайын өнім шығарады. Шикізат емес. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров осылай деді. Оның айтуынша, биыл еліміз алыс-жақын шетелге құны 4 млрд долларға жуықтайтын маргарин, балмұздақ, биоэтанол, глютен және крахмал, сондай-ақ ұннан жасалған кондитерлік өнімдерді экспорттамақ. Айта кету керек, еліміз қазір кейбір өнімдер экспорты бойынша алдыңғы қатарлы мемлекет саналады.
Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Күнбағыс майының экспорты 600 мың тоннаға жетіп, Қазақстан әлемдік май экспорты бойынша 8-орынға ие болды. Бұдан басқа жоғары сұранысқа ие – жасымықты айтқым келеді. Бұрын біз оны Түркияға шикізат ретінде экспорттап, қайта жарма түрінде жоғары бағаға сатып алатынбыз. Ал енді қазіргі уақытта дайын өнім экспортталуда. Қазақстан жасымық экспорты бойынша әлемде 6-орында.
«Бәйтерек» 45 млрд теңгенің инвестициялық жобаларын банктерге береді
Отырыста айтылған тағы бір жаңалық: «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі 45 млрд теңгенің инвестициялық жобаларын екінші деңгейлі банктерге береді.
Рустам Қарағойшин, «Байтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы:
Бұл ретте Ұлттық банк және басқа да мемлекеттік органдардың ұсыныстары бойынша 7 млрд теңгеге дейінгі жобаларды екінші деңгейлі банктерге беруді келістік.
Мамандардың пікірінше бұл шешім - мемлекеттің инвестиция тарту тәсілін біртіндеп нарықтық модельге көшіруінің белгісі. Яғни, бұрын жобаларды негізінен мемлекеттік институттар қаржыландырса, енді оларды коммерциялық банктер арқылы іске асыру көзделіп отыр.
«Бәйтерек» холдингі кей жобаларды банктерге беру арқылы өзі тікелей несие беруден алыстайды. Бұл - квазимемлекеттік үлгіден нарықтық қаржыландыруға көшу деген сөз. Тиісінше, банктердің экономикадағы рөлі артып, нақты өндірістік жобаларды қаржыландыруға көбірек қатысады. Яғни, тек тұтынушылық несие емес, инвестициялық кредиттеуді ұлғайтады. Ең бастысы - бюджетке түсетін жүктеме азаяды.

Бөлісу