Басты Жаңалықтар Президент күштік құрылым қызметкерлерін марапаттады

Президент күштік құрылым қызметкерлерін марапаттады

Президент Дубайда өткен SWAT Challenge халықаралық сайысында жүлделі орын алған күштік құрылым қызметкерлерін марапаттады. Жауынгерлердің жеңісін тарихи жетістікке балап, мемлекет әскери-күштік құрылымдарды кешенді түрде жаңғыртуға, технологиялық тұрғыдан жан-жақты жарақтандыруға баса мән беріп отырғанын жеткізді. Салтанатты жиын жайлы тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тарқатсын.

Ел тыныштығын күзетіп, әдетте көзге түсе бермейтін сарбаздар бүгін Ақордада жиналды. Араб әмірліктерінде жеткен жетістігі үшін оларды Президент арнайы шақырып, жауынгерлер құрмет-қошеметке бөленді.

Дубайда өткен жарысқа Қазақстан атынан 5 команда қатысты. Солардың ішінен 536 ұпай иеленген «Қазақстан - С» құрамасы топ жарды. Ал «Қазақстан - А» командасы 515 ұпаймен екінші орынға жайғасты. Басты қарсыласымыз қытайлықтар үштікті түйіндеді. Сондай-ақ әйелдерден «Томирис» командасы үздік жиырмалыққа енді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Намысты қолдан бермей, байрақты бәсекеде топ жардыңыздар! Соның арқасында көк Туымыз желбіреді. Еліміздің мерейі үстем болды. Халқымыз сіздерді мақтан тұтады. Мұндай жарысқа әр мемлекет өзінің ең мықты сарбаздарын жібереді. Соған қарамастан ел үмітін ақтап, үздіктердің үздігі атану оңай емес екені анық. Бұл кездейсоқ жетістік емес. Әр жетістік зор ерік-жігер мен қажырлы еңбектің жемісі.

Мемлекет басшысы отандастарымыздың жеңісі мен жүлделі орындары отандық арнайы мақсаттағы бөлімшелердің жоғары жауынгерлік дағдыларының, дене дайындығы мен кәсібилігінің көрсеткіші екеніне тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Әр жеңіс мықты кәсіби дайындық пен асқан шеберліктің айқын көрінісі. Өздеріңіз білесіздер, былтыр осы беделді жарыста Қазақстан құрамасы екі күміс жүлдені еншіледі. Биыл да сол жеңіс жолын жалғастырып, зор сенім артқан ұлттық командамыз абыроймен оралды. «Қазақстан - С» командасы теңдесі жоқ, яғни абсолютті чемпион атанды. Бұл тамаша жетістік, бұл жеңіс осы турнирдің тарихында қалады.

Дубайдағы дүбірлі дода арнайы жасақтар арасындағы олимпиада ретінде танылған. Биылғы бәсекеге 48 елден 100-ден аса команда қатысты. Сарбаздарымыздың жетістігіне шетелдік әріптестері қызыға да, қызғана қарап, ерлігін еріксіз мойындаған.

Назар Сатшы, «Kazakhstan - С» командасының мүшесі:

Былтырғы жарыста, мысалы, бізге қытайлардың өздері қызықты. Сосын Шарджа полициясы қызықты. Енді осы жарыстан кейін, осы нәтижелерден кейін Дубай полициясының өзінен бізге бірігіп дайындалайық деген сұраныстар түсіп жатыр.

Ислам Зейнуллин, «Kazakhstan-А» командасының мүшесі:

Бұл енді өзім үшін өте үлкен мәртебе. Шынымен де қуаныштымын. Осылай міне, Президентіміз, еліміз бізді қолдап, біздің осы жұмысымызды, жеңісімізді бағалап, бүгін марапаттап отыр. Енді бұдан кейін де тағы жеңістерге жеткіміз келеді. Қолымыздан келгенше әрі қарай да мықты болғымыз келеді.

Президент «Томирис» командасын ерекше атап өтті. Қарулы күштер сапындағы қазақ қыздары әлем біріншілігіне осымен екінші рет қатысты. Жалпы есепте кейбір ерлер командасын артта қалдырып, қыз-келіншектер арасында үздік атанды.

Мөлдір Атанай, «Томирис» командасының мүшесі:

Бұл жарыс бізге үлкен мүмкіндік пен жауапкершілік болды. Бұл қазақ қыздарының мықты жауынгер екенін көрсетті. Томирис пен Бопай, Әлия мен Мәншүк, Хиуаздардың жолын жалғайтын қазақ қыздарының атынан шықтық.

Жиын барысында Мемлекет басшысы қазіргі күрделі әрі тұрақсыз геосаяси ахуал ел қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тың тәсілдерін әзірлеуді талап ететінін айтты. Сондықтан мемлекет әскери-күштік құрылымдарды кешенді түрде жаңғыртуға, технологиялық тұрғыдан жан-жақты жарақтандыруға баса мән береді деді. Сондай-ақ қазір еліміз ауқымды өзгерістердің шешуші кезеңіне қадам басқанына назар аударып, 15 наурызда азаматтарымыз жалпыхалықтық референдумда Конституцияға қатысты өз таңдауын жасайтынын еске салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл ел тағдырына тікелей әсер ететін аса маңызды шешім болмақ. Басты құжаттың жобасында егемендігімізді және мемлекеттігімізді нығайтатын мызғымас рухани және құқықтық құндылықтар бекітілді. Түптеп келгенде, жаңа Ата заңымыз еліміздің одан әрі дамуына және өркен жаюына жол ашуы керек. Ал күштік құрылымдар мен арнайы жасақтар ел тәуелсіздігі мен халық тұтастығының тірегі болуға тиіс. Себебі алдымызда тұрған мақсат біреу. Бұл келер ұрпаққа қуатты әрі озық мемлекетті аманат ету.

Президент сөз соңында ел қорғау ең абыройлы міндет екенін айтты. Нағыз отаншыл, адал азаматтар ғана осы жолды таңдайды деп жауынгерлерге рух берді.


Бөлісу