Басты Жаңалықтар Астанада балалардың травматология пункті ашылды

Астанада балалардың травматология пункті ашылды

Астанада жаңа балалар травматология пункті ашылды. Енді елорданың Есіл, Нұра аудандарының тұрғындары оң жағалауға бармай-ақ, медициналық көмекті жақын маңнан ала алады. Жаңа бөлімше Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы базасында орналасқан. Мұнда негізінен төртінші дәрежелі жарақат алған бүдіршіндер мен жасөспірімдерге алғашқы көмек көрсетіледі. Ал ауыр жарақат алып, отаны қажет ететін науқастардың жағдайы тұрақталған соң, №2 балалар ауруханасына жеткізіледі. Орталық бүгін алғашқы науқасын қабылдап үлгерді. Дәрігерлер баланы мұқият тексеріп, рентгенге түсіріп, қажет көмекті көрсетті.

Нигорахан Эргашева, Астана тұрғыны:

Менің балам футболшы. Мектепте футбол ойнап жүріп, аяғын ауыртып алды. Жедел жәрдем шақырыдық, тез келді және жылдам алып келді. Бізге жақсы көмектесіп жатыр. Бізге ыңғайлы болды.

Жаңадан ашылған балалар травматология пункті басқа емдеу мекемелеріне түсетін жүктемені едәуір азайтуға сеп болмақ. Бөлімшеде заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Қалалық Денсаулық сақтау басқармасы өкілдерінің ақпаратынша, қазір ауруханалардың қабылдау бөліміне күніне 700-ге жуық адам жүгінеді. Оның тең жартысы балалар дейді. Мәселен, тек былтырдың өзінде түрлі жарақат алған 113 мыңға жуық науқасқа медициналық көмек көрсетілген.  Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 16 пайызға көп.

Ержан Әділбеков, Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы РМК басқарма төрағасы:

Сол жағалауды түгел қамтимыз. Күніне 300-350 баланы қабылдауға қауқарымыз жетеді. Оның бір бөлігін өзімізде алып қалып, көмектесеміз. Жағдай жақсарған соң үйіне амбулаторлық емге жібереміз. Біз биыл орталық жанынан балаларға арналған көпбейінді аурухана ғимараттың құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Ол 200 орынға шақталған. Осылайша біз басқа емдеу мекемелеріне түсетін жүктемені одан әрі азайтамыз деп оймаймыз.


Бөлісу