Басты Жаңалықтар Референдум–2026: 12,5 млн қазақстандық дауыс бере алады

Референдум–2026: 12,5 млн қазақстандық дауыс бере алады

Жаңа Конституцияның мәтіні жарияланды. Дауысқа салатын жалпыхалықтық референдум 15 наурызда өтеді. Сейсенбідегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөзін конституциялық реформадан бастаған Президент, «...Бұл – мемлекетті басқарудың жаңа жүйесін қалыптастыру» деді.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Президент айтқандай, ұсынылып отырған өзгерістердің арқауы бір. Бұл адамдардың және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау. Сол бағытта адвокаттар ұсынысымен Ата Заң жобасына адвокатура туралы жеке бап қосылған.
Мысалы, 86-баптың 1-тармағында «Қазақстан Республикасындағы адвокатура адамның мемлекет кепілдік берген сот арқылы қорғалу құқығын және заң көмегін алу құқығын іске асыруға жәрдемдеседі», - деп жазылған. Ал қолданыстағы Конституцияның 13-бабының 1-тармағында «Әркімнің құқық субъектісі ретінде танылуына құқығы бар және өзінің құқықтары мен бостандықтарын, қажетті қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдермен қорғауға хақылы»,-деп жазылған. Яғни, адвокат деген сөз жоқ. Заңгерлердің айтуынша, адвокатураның жеке институтретінде Ата Заңда аталуы олардың мәртебесін көтереді. Атқарушы органдардың адвокаттар жұмысына шектен тыс араласуына тосқауыл болады.Айыптаушы мен қорғаушы арасындағы теңгерім нығаяды. Тағы бір өзгеріс жаңа жобаның 28-бабы, яғни, тұрғын үйге қол сұғуға қатысты болып отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазіргі Конституцияда «Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды. Сот шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді» деген ереже бар. Осы ережені «тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға» да сот шешімінсіз жол берілмейді деп толықтырған жөн.

Аманкелді Сейтхан, тілші:

Жаңа Конституция жобасында білім беру жүйесіне баса мән беру арқылы мемлекеттің зайырлы сипаты да нақтылана түсті,-деді президент.
Мысалы, 33-бапқа мынадай 5-тармақ енгізілген. «Рухани (діни) білім беру ұйымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағындағы білім беру ұйымдарында білім мен тәрбие беру жүйесі зайырлы сипатқа ие». Яғни, оқу бағдарламасы діни қағидаларға емес, ғылым мен заңға негізделеді. Мұғалімдер оқушыларға діни көзқарасын міндеттемеуі тиіс. Ал «Рухани (діни) білім беру ұйымдарын қоспағанда» деген сөз арқылы медресе секілді діни оқу орындарының жұмыс істеу құқығы сақталады. Бірақ олар жалпы білім беру жүйесінің моделі саналмайды. Бұл да соңғы уақытта көп талқыланған мәселе еді. Тағы бір айта кетерлігі, жаңа Конституция жобасында табиғатты қорғау мәселесіне назар аударылған.
Мысалы қазіргі Конституцияның 38-бабында «Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға және табиғат байлықтарына ұқыпты қарауға міндетті» - деген 1 ғана тармақ бар. Бұл жерде тек азаматтар міндетті. Ал жаңа жобаның 37-бабында «Мемлекет адамның өмiр сүруiне және денсаулығына қолайлы болатын қоршаған ортаны қорғауды мақсат етеді» және «Адам өмiрi мен денсаулығына, қоршаған ортаға қатер төндiретiн фактілерді, мән-жайларды лауазымды адамдардың жасыруы заңға сәйкес жауаптылыққа алып келеді» деген тармақтар қосылған. Яғни, енді экологияны қорғау тек азаматтың міндеті емес, мемлекеттің мақсаты. Ал лауазымды адамдардың жауапкершілігі жайлы айтсақ, мысалы ауаның ластануы қауіпті деңгейге жетіп, оны басшылар жасырса бұл Конституциялық құқық бұзылды деген сөз.
Бес саяси партия бірігіп «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» деген коалиция құрды. Олар 1 ай бойы  аймақтарды аралап, еңбек ұжымдарымен  кездесіп, референдум бойынша ақпарат таратады. Коалициялар құрамында сондай-ақ, заңгерлер, мәслихат депутаттары, шығармашылық адамдары бар. Ал Орталық референдум комиссиясының мәліметінше, 12,5 миллионға жуық қазақстандық дауыс бере алады. Комиссия төрағасы Нұрлан Әбдіров 18 жасқа толған азаматтарды тізімнен өздерін тексеруге шақырды. Олар 21 ақпаннан бастап өзініңучаскесі бойынша тізімде бар-жоғын қарауға немесе сол кезде уақытша болатын жерінде дауыс беруге өтініш қалдыруға құқылы.
Ел бойынша 10 400-ден астам референдум учаскесі құрылмақ. Оның 82-і шетелдерде болады. Ал Орталық референдум комиссиясының мүшесі Михаил Бортник Референдум өткізуге арналған қаржы көлемі алдын ала есеп бойынша20,8 млрд теңге, - деді. Бұл қаражат 2026 жылдың республикалық бюджетінде қарастырылмаған. Сондықтан Үкімет резервінен бөлінеді.Айта кетейік, референдумдаосы Конституция қабылданса, 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Заңға сәйкес, Конституция күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде Құрылтай сайлауы жариялануы тиіс және ол екі ай ішінде өтуі керек. Яғни алдағы саяси өмір қалай өрбитіні осы референдум нәтижесіне байланысты болып тұр.


Бөлісу