Қазіргі Конституцияның 2-бабында Қазақстан - президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет деп белгіленген. Егемендік республиканың бүкіл аумағын қамтиды, ал мемлекеттің аумақтық тұтастығы, қол сұғылмауы және бөлінбеуі қамтамасыз етіледі деп көрсетілген. Ал Ата заңның жаңа жобасында бұл норма нақтыланып, Қазақстан - унитарлы мемлекет, ал басқару үлгісі президенттік республика деп нақты көрсетілген.
Ең басты өзгерістердің бірі 2-баптың 7-тармағы. Онда мемлекеттің егемендігі, тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы және басқару үлгісі өзгермейтін қағида ретінде тікелей бекітіледі.
Сондай-ақ, 4-бапта халықтың конституциялық мәртебесі кеңейтілген. Жаңа жобаға сәйкес, халық мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы ғана емес, егемендіктің иесі ретінде де нақты айқындалады. Сонымен бірге, референдум ұғымы «жалпы халықтық референдум» деп өзгертілген.
«Конституциялық құрылыстың негіздері» деген бірінші бөлімде мемлекеттің ұйымдастырылуын айқындайтын, егемендігі мен дербестігін нығайтатын іргелі ережелер қарастырылды. Оларға сәйкес, Қазақстан Республикасы – унитарлы мемлекет, басқару нысаны – президенттік республика деп тұжырымдалды. Сөйтіп, бұрын бірқатар ғалымдар мен мамандардың «басқару нысанын нақтылау керек» деген ұсынысы жүзеге асты.
Сонымен қатар, Конституцияның жаңа жобасында мемлекеттің қызметін айқындайтын негізгі қағидаттар арнайы тізіммен берілген. Адам капиталы, білім, ғылым және инновация мемлекеттің стратегиялық бағыты ретінде алғаш рет Конституция деңгейінде бекітіледі. Осы арқылы егемендік пен тәуелсіздік, аумақтық тұтастық және басқару нысаны өзгермейтін құндылықтар ретінде Ата заңның алғашқы нормаларында мызғымас талап болып орнығады.