Басты Жаңалықтар Семейде қаңғыбас иттер баланы талаған

Семейде қаңғыбас иттер баланы талаған

Семейде соңғы бір аптада тұрғындардың өтініші негізінде 33 қараусыз жануар ұсталған. Оның 30-ы ит, 3-уі мысық. Қалада бұл бағытта екі арнайы топ жұмыс істейді. Мамандардың айтуынша, шағымдардың басым бөлігі топтасқан иттердің адамдарға айбат көрсетіп, шабуыл жасау қаупіне қатысты. Бір дерек бойынша, адамға иттің шабуыл жасау фактісі тіркелген. Таңғы уақытта қоқыс тастап қайтып келе жатқан 9 жастағы қыз балаға төрт бірдей ит тап берген. Баланы құлатып, жан-жақтан талап, денесіне ауыр жарақат салған. Аяғын тістеп, қолтығының астын жаралаған. Оқиға орнындағы қазандықта жұмыс істейтін үш азамат көмекке келіп, иттерді қуып жіберіп, қызды үйіне жеткізген. Анасы дереу жедел жәрдем мен полиция шақырған. Дәрігерлер алғашқы көмекті көрсетіп, баланы ауруханаға жеткізді. Қазір денсаулығы қалыпты болғанымен, бала қатты күйзеліс алған үлкен иттерден үрейі сейілер емес.

Любовь Тюклина, зардап шеккен баланың анасы:

Баламды иттер жабылып талап тастады. Аяғын қатты тістеген, қолтығының астында да жара бар, ал іш тұсында көгерген іздер қалды. Бір ғана итті көрсетті. Қалғандарын қайта жіберген сияқты. Бұған алаңдаймын. Тек өз балам емес, басқа балалар үшін де қорқамын. Қаңғыбас иттер қараусыз жүреді.Көбіне олар күйлеген кезде агрессив болады. Оларды жою емес, стерилизациялау керек деп ойлаймын. Сонда агрессиясы азайып, қауіп те төмендер еді.

Абай облыстық ветеринария басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері 910 қаңғыбас ит ауланған. Ұсталған жануарларға сәйкестендіру, екпе егу және стерилизация жасау шаралары жүргізіліп, кейін қайтадан табиғи ортаға жіберілген. Айта өтейік, бұралқы ит я мысықты күтіп-бағу үшін арнайы панажайлар күніне бір жануарға кемінде 3 мың теңге жұмсалады екен. 

Андрей Ким, ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары:

Иттер мен мысықтарды күтіп-бағудың құны өңірге байланысты әртүрлі. Біз жергілікті атқарушы органдардан деректер жинап, талдап, сараптадық. Бір жануарды бір күн ұстауға кем дегенде 3 мың теңге қажет. Кей жағдайда бұл сомма 5-7 мың теңгеге жетуі мүмкін. Бұл шығынша жануардың азығы мен қызметкерлердің еңбекақысы кіреді. Ал егер шамамен 200 мыңдай жануарды есептесек, әрқайсына 2-3 мыңнан кетсе, оларды өмір бойы бағуға бюджеттен қанша ақша кетеді?..


Бөлісу