Басты Жаңалықтар Жаңа Конституцияның жобасы референдумға шығарылды

Жаңа Конституцияның жобасы референдумға шығарылды

Жаңа Конституцияның жобасы көпшіліктің қарауына шығарылды. Президент кеше 15 наурыз күні республикалық референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Ал бүгін таңертең Конституциялық сот сайты мен бұқаралық ақпарат құралдарында жаңа Ата заң жобасының мәтіні жарияланды.

Ата заңға өзгерістер енгізу туралы бастаманы Мемлекет басшысы алғаш былтырғы Жолдауында айтты. Тағдырлы мәселелер бойынша халықпен ашық сұхбат жүргізетінін мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Түптеп келгенде, саяси реформалардың бәрі еліміздің біртұтас институционалды жүйесінің ажырамас бөлігіне айналады.

Осыдан кейін парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобы құрылды. Ал Қызылорда құрылтайында өзгерістер ауқымы одан да кең болатыны белгілі болды. Ізін ала әртүрлі саланың 130 өкілі кірген конституциялық комиссия жұмысын бастады. Басты құжат бойынша азаматтар мен сарапшылардан 10 мыңнан астам ұсыныс түскен. Қазақстанның Халық кеңесі, миранда қағидасы секілді елеулі жаңашылдықтар күн тәртібіне шықты. 

Серік Егізбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Конституциялық комиссия мүшесі:

Әрбір бапқа 100-ден астам ұсыныс келіп түсті. Мына 95 баптың негізгі талқылауы да, қызығушылығы да 10-15 баптың айналасында болып жатыр. Халық қандай мәселелерге назар аударып жатыр, оны біз комиссия жұмысында байқадық. Осы Конституцияның жаңа жобасына соны жауап ретінде қалыптастырдық.

Жаңа құжат жобасы 11 бөлім, 96 баптан тұрады. Соның 30-ға жуық бабы адам құқықтары мен бостандықтарына арналған. Сонымен қатар негізгі мызғымас құндылықтарға Қазақстанның Егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлығы және аумақтық тұтастығы жатады деп жазылған. Ал мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты - адами капитал, ғылым және инновацияны дамыту болып бекітілді.

Индира Рыстина, Еуразия Ұлттық университетінің проректоры:

Соңғы бес жылда ғылымға қаржы бөлініп не түрлі жобалар қабылданып жатыр. Бірақ оның барлығы мемлекет деңгейінде болды және бұл науқандық сипат алуы мүмкін еді. Ал оның Конституцияға енгізілуі еліміздің ұзақмерзімді стратегиялық бағыты болып бекітілгенін көрсетіп отыр.

Заман өзгерісіне сай жаңа қағидалар да жобаға еніп отыр. Мәселен, азаматтардың цифрлық ортадағы құқықтарын қорғау нормасы бекітілді. Дін мен мемлекеттің рөлі айқын бөлінген.  Сондай-ақ адвокаттық қызмет туралы арнайы бап алғаш рет енгізілді.

Андрей Колпаков, адвокат:

Қылмыстық, азаматтық немесе әкімшілік істерді қарау барысында сот адвокатураның да конституциялық мәртебесі бар екенін ескереді. Нәтижесінде прокурор мен адвокат арасындағы мүдделер теңгерімі қалыптасады. Қазіргі уақытта бізде процестік өкілеттіктер бар болғанымен, олардың нақты механизмі бектілімеген.

Негізгі өзгерістердің бірі - 145 депутаттан тұратын бір палаталы Парламент, яғни Құрылтай құру. Ал қазіргі қос палаталы Парламенттің өкілеттігі 1 шілдеде тоқтауы мүмкін. Жаңа құжаттың 95-бабына сәйкес, Конституция күшіне енгеннен кейін бір ай ішінде Президент Құрылтай сайлауын жариялауға тиіс. Одан кейін сайлау екі ай ішінде өткізіледі.


Бөлісу