Жаркент мешітіне келетін туристер көбейді
Ұлттық құрылтайда Президент құнды жәдігерлерді ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне қосуды тапсырды. Мемлекет басшысы атап өткен танымдық әрі тағылымдық мәні зор тарихи орындардың бірі – Жаркент мешіті. Бір де бір шеге қақпай салынған сәулет ескерткіші бүгінде Жетісудағы негізгі туристік нысаны саналады. Тарихи мұражайға айналған ғимаратты көруге келетіндердің саны жыл өткен сайын артып келеді.
Дамир Нұрмұхамет, тілші:
Мешіт 19 ғасырдың аяғында жергілікті танымал көпестің ұсынысымен салынған. Ал ғимараттың құрылысына қаржыны тұрғындар бірлесе жинапты. Осылайша олар атақты қытайлық сәулетші Хон Пикті арнайы шақыртады. Сәулетші өзге де жергілікті шеберлермен бірге, 1892 жылы Орталық Азия мен Қытайдың, яғни көршілес екі өңірдің сәулет дәстүрлерін бір арнаға тоғыстырып «Жаркент мешітін» тұрғызады.
Мешіт – бір де бір шегесіз жергілікті қарағай ағашын қиюластыру арқылы салынған. Биіктігі 22 метр. Мұндай ағаш сәулет өнерінің жауһары әлемде тек 3 елде ғана бар екен. Бүгінге дейін бүтін жеткені, әрі ең үлкені осы Жаркент мешіті. Жойқын зілзала мен алапат дауыл кезінде де іргесі сөгілмеді. Алмағайып заманда да құламай, әртүрлі қызмет атқарды.
Қали Ибрайымжанов, өлкетанушы:
Бұл архитектура жалпы тілде қалқымалы. Қарап тұрсаңыздар, ғимарат ауада қалқып тұрғандай әсер береді. Одан кейінгі көп жылдар қызмет жасады. Кеңес үкіметі кезінде жабылды. Қойма, атқораға айналды. Қазір музей болып ашылып халыққа қызмет жасап келеді.
Мамандардың айтуынша мешіт құрылысына қолданылған кірпіштің құрамы әлі күнге дейін белгісіз екен. Қабырғасындағы көне парсы жазуының да сыры толық ашылмапты. Сондай-ақ ғимараттың қабырғасында мыңнан астам ою-өрнек түрі бар.
Айша Қадырова, музейдің қор сақтаушысы:
Біздің музейде қызықтыратын екі дүние бар. Біріншісі ағаштарды шегесіз құрастырғаны. Екінші дүние – ағаштардың бетіне салынған өрнектердің алуан түрлілігі. Бұл араб жазулары кез келген ғалымға оңай ашыла салатын дүние емес. Кейбір жазулар әлі толық мағынаға ие болған жоқ.
Сәні мен сәулеті келіскен ғимаратты тамашаулауға жылына 7 мыңға жуық шетелдік ат басын бұрады.
Алту Акденизда тарихи ескерткішті өз көзімен көру үшін сонау Анадолы жерінен
келген. Түркиялық азаматты өнер туындысы таңқалдырған.
Алту Акдениз, Түркия азаматы:
Мені мешіттің шегесіз салынғаны таңқалдырды әрі тарихы да тым тереңде екен. Қазақстан тарихқа бай мемлекет. Түркияда мұндай ғимарат жоқ. Керемет әсер алдым.
Бұл ғимарат – әртүрлі мәдениеттер мен діни дәстүрлердің бейбіт үндестікте өмір сүре алатынын дәлелдей алатын басты мұра. Егер нысан ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік тізіміне енер болса, келуші туристердің де саны артпақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы