Үкімет басшысы Президент тапсырмаларын орындау бойынша кеңес өткізді
Ұлттық экономика министрлігі Ұлттық банкпен бірлесіп инфляция деңгейін 9-11%-ға дейін төмендету бойынша жоспар әзірлейді. Ал 1 мамырға дейін Халық табысын арттырудың 2026-2029 жылдарға арналған бағдарламасы қабылданады. Бұл туралы Президенттің Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын жүзеге асыру жөнінде кеңесте айтылды. Сонымен бірге премьер-министрдің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау және жасанды интеллект шешімдерін енгізу мәселесіне тоқталды. Ведомство басшысы мемлекеттік органдардың тиімділігін арттыру үшін мемлекеттік ақпараттық жүйелерді бірыңғай QazTech платформасына көшіру, киберқауіпсіздікті күшейту, салалық Data Lake жүйелері мен ЖИ агенттерін қалыптастыру жоспарланып отыр деді. Қаржы министрлігі болса, тиімсіз шығыстарды қысқарту мақсатында бюджеттік бағдарламаларға ревизия жүргізбек. Сондай-ақ министр бюджет қаражатын қадағалау үшін цифрлық теңгені қолдану аясы кеңейтіп жатқанын атап өтті. Энергетика министрлігі Президент тапсырмасына сәйкес жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттарының қуатын кеңейту жобаларын нақтылап, жаңа өнеркәсіп салынатынын жеткізді. Ал еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі сұранысқа ие мамандарды қайта даярлау және оқыту бағдарламалары мен оқушылардың кәсіптік диагностикасын кеңейтуді қолға алуға ниетті екенін айтты. Денсаулық сақтау министрі Бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпараттық жүйенің құрылғаны туралы баяндады. Жүйе 1 желтоқсанда іске қосылады деді. Жиын қорытындысында Премьер-министр Президент айқындап берген міндеттердің барлығы халық пен бизнеске нақты пайда әкелуді көздейтінін және олардың іс жүзінде орындалуы қажет екенін атап өтті. Бірқатар тапсырма берілді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы