Бірнеше аймақта күн райы күрт бұзылды
Еліміздің бірнеше өңірінде күн райы күрт құбылып, жаңбыр араласқан қар соңы боранға ұласты. Соның салдарынан республикалық маңызы бар жолдардың негізгі бөлігі жабылды. Ақтөбе облысында қар құрсауында қалған 130-ға жуық жолаушы жылыту пунктіне орналастырылып, тағы 300 адам облыс орталығына пойызбен тегін жеткізілді.
Ақтүтек боран ақтөбеліктерді әуреге салды. Соңғы тәулікте облыстың бірнеше ауданында жолдар жабылып, оқушылар қашықтықтан оқып жатыр. Жолда қалғандар жылыту пункттеріне орналастырылды. Бүгін ауа райы жақсарғаннан кейін полицейлер жиналған көліктердің алдына түсіп, діттеген жерлеріне кедергісіз жетулеріне жағдай жасады.
- ФОК-қа барып едік, ФОК салқын, жол жабық. Полиция қызметкері өз үйіне әкеліп жатыр...
Жұртшылықты Байғаниндік патрульдік полиция инспекторының әрекеті тәнті қылды. Ол боранда жолда қалған 3 айлық нәрестесі бар отбасыны үйіне әкеліп, қонақ қылып, алаңсыз түнеп шығуына жағдай жасаған.
Ал Ақмола облысында патрульдік полиция қызметкерлері ауа райының қолайсыздығына байланысты 1500-ден астам көлікке жол бастап, қауіпсіз жерге дейін шығарып салды. Нәтижесінде бір де бір жол-көлік оқиғасы тіркелмеді.
Айта кетейік, өңірде жаяу бұрқасын мен көктайғақ салдарынан кеше түнде барлық
бағыттағы жолдар жабық болды.
Азамат Байғазин, Ақмола облыстық әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары:
Автожолдарды жабуға 144 полиция қызметкері, 80 патрульдік автокөлік тартылды. Қауіпсіздік үшін 74 жабу бекеті қойылды.
Түркістан облысында да көктайғақтың кесірінен жүк көліктерінің қозғалысына шектеу қойылды. Полиция қызметкерлері жолаушыларға барынша көмек көрсетуде.
Бақтыбек Жәнібеков, патрульдік полиция командирі:
Ауа-райы күрт өзгеріп, қалың қарға байланысты Шымкент – Түркістан, Тараз – Алматы бағыттарына жүк автокөліктеріне шектеу қойылды. Аса маңызды жағдай болмаса, жолға шықпауларыңызды сұраймыз.
Қарағанды облысында жолда қалған 300-ге жуық жүк көлігі полиция қызметкерлерінің бақылауымен облыс орталығына жеткізілді. Көк тайғақтың салдарынан көліктерге қарға адым жердің өзі мұңға айналған. Сондықтан полицейлер қолына күрек алып, жолдың әр жеріне құм төсеп, көмек көрсетті. Өңірде әлі де 5 республикалық жол учаскесі жабық.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы