Басты Жаңалықтар Жаңа Конституция жобасына қосымша нормалар енгізілді

Жаңа Конституция жобасына қосымша нормалар енгізілді

Енді тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға міндетті түрде сот шешімі керек болуы мүмкін. Ата заңның жобасына осындай норма енгізіледі. Сондай-ақ бұдан былай елімізде меншіктің барлық түрі Конституцияда бекітілмек. Бүгін Конституциялық комиссияның кезекті отырысы өтті. Нұрсұлтан Тілектес тарқатсын.
Конституцияның жаңа жобасына адамды соттан тыс тұрғын үйінен айыруға, одан шығаруға тыйым салатын норма енгізіледі. Яғни, Ата заңға банк, әкімдік немесе мемлекеттік орган болсын, азаматтарды сот шешімінсіз үйінен күштеп шығаруға болмайды деп шегелеп жазылады.
Артур Ластаев, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Конституциялық комиссия мүшесі:

Таяуда  25–30 градус аяз болды. Мұндай жағдайда адамды қалай үйінен шығарып жіберуге болады? Ал ол оның жалғыз баспанасы болса ше? Отбасының кішкентай балалары болса ше? Иә, кейде оларды қорғау үшін мұндай қадамға баруға болады. Мәселен, өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін локация жайында сөз болғанда. Дегенмен легитимді негіздер болған жағдайдың өзінде барлық процедура, оның ішінде сотта өзін-өзі қорғау құқығы қамтамасыз етілуі тиіс.
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева балалардың да тұрғын үйге қатысты құқықтарын Конституцияда қорғау қажет екенін айтты. Өйткені ата-анасынан немесе асыраушысынан айырылған балалар түрлі жағдайларға байланысты жалғыз баспанасынан айырылып қалу қаупіне жиі ұшырайды.
Динара Зәкиева, ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Конституциялық комиссия мүшесі:
Осы орайда Конституциялық реформа аясында баспанадан адамның өмірлік жағдайын, әсіресе балалар мүддесін ескермей тұрғын үйден шығаруға жол бермейтін қосымша кепілдіктер бекітуіміз маңызды деп санаймыз. Осыған байланысты ҚР Конституциясының жобасында мемлекеттің азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жағдай жасаумен қатар, соттың шешімінсіз тұрғын үйден айыру және шығаруға жол бермеу туралы Мемлекет басшысының ұсынысын қолдаймыз.
Жаңа Конституцияда меншік құқығының барлық түрі қорғалады
Конституциялық комиссияның кешегі, яғни оныншы отырысында Мәжіліс депутаты Азат Перуашев Ата заңда меншіктің барлық түрін тең қорғау туралы норма бекітуді ұсынған еді. Оның айтуынша, қолданыстағы Конституцияда меншіктің тек екі түрі ғана көзделген – мемлекеттік және жекеменшік. Ал заманауи экономистер кемінде 5–6 меншік түрін бөліп көрсетеді. Олардың қатарына муниципалдық, кооперативтік меншіктер бар. Енді осы аталғандардың барлығы заңмен қорғалмақ.
Бақыт Нұрмұханов, ҚР Конституциялық Соты төрағасының орынбасары, Конституциялық комиссия мүшесі:
Осы орайда аталған баптың бірінші тармағында мынадай редакцияда ұсынылады. Қазақстан Республикасында барлық меншік түрі танылады. Оларға кепілдік беріледі және тең қорғалады.
Жаңа Конституция жобасына қосымша нормалар енгізілді

Жалпы, Жаңа Конституция жобасы қоғам мен билік арасындағы диалогты нығайтады. Отырыста Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішев осылай деді. Оның айтуынша, азаматтардың шешім қабылдауға қатысуы мен билік тармақтары арасындағы тепе-теңдіктің сақталуы өңір тұрғындары үшін ерекше маңызды.

Нұралы Әбішев, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы, Конституциялық комиссия мүшесі:
Жаңа Конституция жобасының ұсынылуы – ұзақ жылдар бойы қалыптасқан қоғам сұранысының және уақыт талабынан туған заңды қажеттілік. Ата заңымыз тәуелсіздіктің құқықтық негізін қалап, мемлекеттілікті нығайтып, елді тұрақты даму жолына шығарды. Алайда уақыт өте қоғам өзгеріп, жаңа талаптар пайда болды. Сондықтан билік пен халық арасындағы қарым-қатынасты жаңаша сипаттау қажеттілігі туындады.
«Айта кету керек, бүгін Конституциялық комиссияның 11-отырысы өтті. Осы уақыт аралығында комиссияға мүше 130 адам Ата заңның жаңа жобасын қызу талқылады, 5 мыңнан астам азамат пен сарапшыдан келіп түскен ұсыныстар жіті қаралды, талданды, ескерілді. Мәтіннің 84 пайызы жаңарды. Енді Конституция жобасында қорытынды және өтпелі ережелер барынша нақты әрі жан-жақты айқындалуы тиіс», – деді Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева.
Снежанна Имашева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Конституциялық комиссия мүшесі:
Конституцияның қай уақыттан бастап күшіне енетіні анық әрі нақты жазылуы тиіс. Яғни жаңа Негізгі заң республикалық референдум нәтижелері ресми жарияланған күннен бастап па, әлде алдын ала белгіленген басқа бір нақты күннен бастап қолданыла ма? Осы жайттар жобада ашық көрсетілуі керек. Сондай-ақ қазіргі шақырылымдағы Парламент қай уақытқа дейін өз өкілеттігін жүзеге асырады, Құрылтайға сайлау қашан және қандай тәртіппен өтеді – осы мәселелер де нақты айқындалуы тиіс.
Конституциялық комиссияның бүгінгі отырысы қысқа да нұсқа форматта өтті. Қоғамды толғандырып, көпшіліктің көкейінде жүрген мәселелер ескерілді. Келесі отырыс ертең өтеді.

Бөлісу