Басты Жаңалықтар Президент: Халықтың табысы артса ғана, нақты нәтижеге қол жеткіздік деуге болады

Президент: Халықтың табысы артса ғана, нақты нәтижеге қол жеткіздік деуге болады

Мемлекеттің тиімсіз шығындарын қысқарту үшін бюджет бағдарламаларын бастан-аяқ қайта қарау қажет. Президент Үкіметке халықтың табысын арттырып, инфляцияны тежеуді тапсырды. Кеңейтілген отырыста Мемлекет басшысы бірқатар өзекті мәселеге тоқталды. Барлық мемлекеттік орган жауапкершілікті толық сезініп, тапсырмаларды уақытылы орындауы тиіс. Президент кейбір басшылардың жұмыс қарқынын сынға алып, нақты нәтиже талап етілетінін ескертті. Сонымен қатар мемлекеттік қызметкерлерді көбірек оқуға шақырды. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент сынына кімдер ілікті? Тағы қандай міндет жүктелді? Тілші материалында
Үкімет үйінде бүгін қарбалас. Министрлер мен әкімдер, Ұлттық компания басшыларының бәрі осында. Былтыр Бектенов бастаған құрамға Президент 8 бағыт бойынша міндет жүктеген. Экономика өскенімен, инфляция ырыққа көнер емес.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Инфляцияның не себепті жоғары болып тұрғаны белгілі, кеселдің себебі анықталды. Енді осы мәселені шешу керек. Бірақ ұсынылатын шаралар елдің дамуына кері әсерін тигізбеуі қажет.
Ол үшін Үкімет жаңа өндіріс орындарын ашып, инвестиция тартуға екпін беріп отыр.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
Салалық министрліктерге әрі қарай өңдеуге бағытталған өндіріс орындарын ашу мәселелерін алдын ала жан-жақты пысықтау міндеті қойылды. Жалпы алғанда, өткен жылы 200-ден астам жаңа өндіріс орны іске қосылды, тағы осынша нысанның құрылысы аяқталуға жақын.
Үкімет қымбатшылықпен күресті мықтап қолға алмақ. Инфляцияға қарсы үш жыл қатарынан нақты шаралар қабылданады. Президент қойған ең негізгі міндет осы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бірлескен іс-қимыл бағдарламасын сапалы орындау айрықша маңызды. Мәселені шешудің орнына бос сөзді көбейтіп, қажетсіз «жол карталарын» әзірлеу – жауапкершіліктен қашу деген сөз. Алдын ала ескерту: ондай жағдайда қатаң шара қолданылады. Халықтың табысы артса ғана нақты нәтижеге қол жеткіздік деп санауға болады.
Қазынаны толтыру үшін Ұлттық қорға әлі де қол сұғып келеміз. Дегенмен Үкімет жаңа салық саясатының есебінен биыл бюджетке қосымша 4,4 триллион теңге түседі деп отыр. Бұл ретте Президент бизнесті негізсіз қыспаққа алуға болмайтынын қатаң ескертті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жазалаушы менталитеттен арылатын кез келді. Салық органдары мен салық төлеушілер арасында серіктестік және өзара сенім қағидаты орнығуға тиіс. Мемлекет пен бизнестің тиімді ықпалдастығын жолға қою керек. Бюджет қайта қаралып, тиімсіз шығындар қысқартылады.
Әдетте жыл соңына қарай мемлекеттік мекемелерде қаржы игеру деген аламан басталады. Әкімдіктер мен министрлерге бөлінген ақша жұмсалмаса, сын саналады. Енді мұндай әрекет мемлекет мүддесіне қасақана қарсы әрекет деп бағаланады. Президент мамырға дейін бюджет бағдарламаларын тексеріп, жүйені жетілдіруді тапсырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мен Жолдауда бұл мәселе туралы айттым: бюджеттік шығындардың ашықтығын қамтамасыз ету үшін, яғни қаржының қайда, қалай және не үшін жұмсалып жатқаны айқын болуы үшін цифрлық теңгені белсенді пайдалану қажет. Қазіргі таңда бұл тәсіл мемлекеттік сатып алу жүйесінде, субсидиялау кезінде, сондай-ақ Ұлттық қордан ірі жобаларға қаражат бөлу барысында тиімді қолданылып жүр. Бұл құралды басқа да салаларға енгізіп, аясын кеңейту керек.
Соңғы жылдары аймақтардың кірісі айтарлықтай өсті. Кейбір салық пен төлем түрлері республикалықтан аймаққа берілді. Алайда облыстардың бұл қуанышы көпке бармады. Орталықтан жеткілікті қаржы бөлінбей, жергілікті бюджетке қосымша шығындар артылып жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қажетті инфрақұрылымның болмауы облыстардың дамуына және халықтың тұрмыс сапасына кері әсерін тигізіп отыр. Әсіресе жаңадан құрылған Абай және Ұлытау облыстарында инфрақұрылым жеткіліксіз. Алматы облысында да ахуал мәз емес. Бұл аймақтардың дамуына айрықша назар аудару қажет.
Президент цифрландыру мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Басқасын айтпағанда мемлекеттік мекемелердің бірыңғай платформасы жоқ. Әрқайсысы бұл іспен өз бетінше айналысып келген. Енді жауаптылар барлығын біріздендіру үшін қомақты қаражат қажет деп отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бас прокуратурада өткен жиында Үкімет мүшелері шашыраңқы жүйелердің басын біріктіруге қанша қаржы қажет екенін жария етті. Басын ашып айтайын, мұндай ақша жұмсалуы мүмкін емес. Ел аузында жүрген бір құрылысшы-шенеунік айтқандай, ақшасы болса, ғимаратты ақымақ та салады, ал осы міндетті қаржысыз шешуге шеберлік қажет. Ал шеберліктеріңізді көрсетіңіздер.
Иә, бүгін Жаслан Мәдиев басқаратын министрлікке ең көп сын айтылды. Президент Chat GPT-дің отандық баламасы жасалғанымен, сұраныс төмен деп шүйлікті.
Ал денсаулық сақтау саласында жеке-жеке жұмыс істейтін 30-дан астам ақпараттық жүйе бар. Президент бұны айтудың өзі ыңғайсыз деп бағалады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Салалық министрлердің көз алдында бұрын-соңды болмаған ауқымдағы алаяқтық істер жасалғаны таңғалдырады. Оның үстіне бұл әлеуметтік салада орын алып жатыр. Бас прокуратура мен басқа да өкілетті органдар қылмыстың қашан жасалғанына, оны кімдердің жасырғанына қарамастан, істі егжей-тегжейлі тексеріп, ақиқатты анықтауға міндетті. Тергеу процесін өз бақылауымда ұстаймын.
Жасанды интеллектіні жаппай енгізу үшін мол қуат көзі қажет. Қазір еліміз электр энергиясын сырттан сатып алып отыр. Үкімет 2029 жылдың соңына дейін 13 гигават қосымша энергия өндіреміз дейді. Алайда жобалар қайта-қайта кейінге шегеріліп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Менің ойымша, мәселе – нағыз энергетика мамандарының болмауында. Энергетика саласындағы мәселелермен «алып бара жатқан не бар дейсің?» деп, «азды-кем білімі бар, бірақ өзіне деген сенімі мол» кез келген адам айналысатын болды.
Президент инвестиция тарту ісіне де ескерту жасады. Қағазбастылық көп әрі бір міндет бірнеше органға қатар жүктелген. Жаңа стратегия қажеттігін айтты. Ал осы сәтте ұлттық компаниялардың басшылары айналысар іс таппай отыр деп сынады. Қосшыдан басшы көп.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Самұрық-Қазына» қоры және ұлттық компаниялардың басшыларымен қатаң әңгіме болды. Компаниялардың құрылымын түбегейлі қайта қарап, жаңа заманға бейімдеу керек. Қосшыдан басшы көп. Басшылық құрамы ел айтып жүргендей «Сол жағалаудың» адамдарына толып қалған. Олардың жұмысқа көміліп жатқан ештеңесі жоқ. Кейде не істерін білмей, әлеуметтік желілерде әркіммен пікір таластырып отырады. Бұл түбі жақсылыққа апармайды.
Осылайша Президент экономиканы дамытуға қажетті қадамдарды айқындап берді. Қазына қаражатын пайдаланып, оны инвестиция ретінде көрсетуді доғару қажет. Үкімет ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүрмей, нарықтық экономика қағидаттарына бағынуы керек екенін қадап айтты. Басты міндеттің бірі — жеке капитал тартуға қолайлы жағдай жасау. Жалпы алғанда Президент Үкіметтің жұмысын оң бағалағанымен, айтылған олқылықтарды түзеп, жұмысты одан әрі ширату қажет деді.

Бөлісу