Президент: Конституциялық комиссия құжат жобасын ашық талқылап жатыр
Президент жаңа Конституция жобасына қатысты ұсынысын білдірді. Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев әзірленіп жатқан құжаттың артықшылықтарына тоқталып, қоғам үшін маңызды деп таныған бастамаларын комиссия мүшелерінің назарына ұсынды. Жалпы, Ата заңның жаңа жобасында «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты айқын көрініс тапқан, деді ол. Оңғар Алпысбайұлы баяндайды.
Қазір Қазақстан өтпелі кезеңге аяқ басты. Ел тағдырына әсер ететін ауқымды өзгерістер жүзеге асырылып жатыр. Барлық ұсынысты жүйелеп, саралау үшін 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссия құрылған.
Бүгінге дейін Конституциялық комиссияның 11 отырысы өтті. Комиссия мүшелері ұсынылған өзгерістердің аса көптігін ескеріп, ортақ пайымға келді. Ата заңға жекелеген өзгерістерді енгізу жеткіліксіз. Сондықтан жаңа Конституция қабылдаған жөн деген байлам жасады. Нәтижесінде жаңа Конституцияда адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін қағидаты айқындала түсті.
Конституциялық комиссияның әр отырысы тікелей эфирде жұртшылық назарына ұсынылып жатыр. Осылайша «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізінде цифрлық платформалар мейлінше қолданылуда.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Былтыр қазан айынан бастап азаматтарға өз пікірін білдіруге толық мүмкіндік берілді. Сол уақыттан бері eGov және eOtinish мемлекеттік цифрлық платформалары арқылы бірнеше мың ұсыныс келіп түсті. Комиссия өтініштің бәрін мұқият қарап, қорытып, тиісті түзетулерді әзірледі.Президент Конституция жобасына қатысты ұсыныс жасады
Жаңа Конституция жобасында білім беру жүйесіне баса мән беру арқылы мемлекеттің зайырлы сипаты да нақтылана түсті. Ал «Неке – еркек пен әйелдің ерікті және теңқұқылы бірлестігі, яғни одағы» деген тұжырым арқылы қоғамдағы дәстүрлі құндылықтарды сақтап қалу мақсаты көзделді. Конституция жобасында табиғатты қорғау мәселесіне де назар аударылды. Жаңа құжаттың артықшылықтарына тоқталған Президент өзгеріс ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазіргі Конституцияда «Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды. Сот шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді» деген ереже бар. Осы ережені «тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға» да сот шешімінсіз жол берілмейді деп толықтырған жөн. Меніңше, бұл – жаңа Конституцияның сипатына толық сай келетін әлеуметтік норма. Конституциялық комиссия мүшелерінен осы ұсынысты қарауды сұраймын.Президент: Конституцияны жаңарту – заман талабы
Қолданыстағы Конституция 30 жыл бұрын қабылданған. Онда Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі қиын күндердің ізі бар. Еліміздің мақсат-міндеттерін, құндылықтары мен қағидаттарын заман талабына сай, конституциялық деңгейде жаңғырту айрықша маңызды болып тұр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Тұтастай алғанда, Негізгі Заң жобасында Қазақстанның қарқынды дамуына, ұлтымыздың ұйысуына қажетті іргелі қағидаттар мен құндылықтар толық қамтылған. Әділетті Қазақстан, заң мен тәртіп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтары мүлтіксіз сақталатыны сияқты негізгі қағидаттар нақты көрсетілген. Білім, ғылым, инновациялар және мәдениет еліміздің теңдессіз басымдықтары ретінде айқындалды.Осылайша жаңа Конституция Қазақстанды тың қарқынмен өркендетуге, әр азаматтың әлеуетін арттыруға жол ашпақ. Ата Заңымызға қатысты түпкілікті шешім жалпыұлттық референдумда қабылданады деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы